«Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан Рим опера театрының сахнасында Л.Минкустың «Баядерка» спектаклінде өнер көрсетті. Әртіс басты рөлдердің бірі – жауынгер Солорды сомдады, деп хабарлайды QazMonitor «Астана Опера» театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Солордың партиясы виртуоздық техника мен актерлік шеберлікті талап ететін күрделі драмалық рөл болып табылады. Адамжан кейіпкерінің ішкі күйзелісі мен махаббат треугольні көрерменге әсерлі жеткізілді. Римдегі көрермендер әртістің шеберлігін жоғары бағалап, қошемет көрсетті. Әлеуметтік желілерде оның өнеріне қатысты көптеген оң пікірлер жазылды. Итальяндық көрермен Джанфранко Джордано Адамжан өнерін «адам рухын асқақтататын зор қуат» деп сипаттады, ал RadioDanza басылымы оны «тартымды әрі мінсіз» деп атады.
Адамжан бұл сахнада 2019 жылы «Спартак», 2021 және 2022 жылдары «Париж Құдай анасының соборы» балеттерінде өнер көрсеткен еді. Осы жолы да көрермендер оған жоғары баға берді.
Спектакльдің хореографиясы Бенджамин Пештің 2023 жылы Рим операсы үшін жасаған нұсқасы бойынша қойылды. Оған суретші Игнаси Монреальдің декорациялары, Анна Бьяджоттидің костюмдері және Виничио Келидің жарық дизайны қосылды. Оркестрдің дирижері – франциялық маэстро Файсаль Каруи.
Әртіс өнер көрсету кезінде қысқа мерзімде материалды меңгеріп, труппамен үйлесімді жұмыс істеудің қиындығын атап өтті. Оның айтуынша, Рим операсының сахнасы көлбеу орналасуы техника мен қимылдарға әсер етіп, тез бейімделуді талап етеді. Дегенмен, Адамжан бұл көрсетілімдерден жақсы әсер алып, хореографтан оң пікір естуден ерекше қуаныш сезінгенін жеткізді.
Отандық әртістің Рим операсында өнер көрсетуі оның халықаралық деңгейде сұранысқа ие екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Бұл жылы Бақтияр Адамжанның гастрольдік кестесі толық жазылып, Жапония, БАӘ, Аустралия және басқа да мемлекеттерде өнер көрсету жоспарланған.