Қазақ мемлекеттік циркінің аренасында әлемге әйгілі Флавио және Бруно Тони жетекшілік ететін итальяндық Belissimo циркі өз гастролін бастайды, деп хабарлайды QazMonitor.
Флавио мен Бруно Тони – әлемдік цирк индустриясындағы ең беделді әулеттердің бірі. Олардың кәсіби деңгейінің басты дәлелі – цирк өнерінің «Оскары» саналатын Монте-Карлодағы халықаралық фестивальде бес мәрте жеңіске жеткен.
Алматылық көрермендер үшін шетелдік әртістер бірнеше бірегей нөмірлерді дайындаған. Оның ішінде сахнада бенгал және ақ жолбарыстармен қатар, Орталық Азияда алғаш рет алтын жолбарыстар өнер көрсетеді деп жоспарланған. Аренада үш мәрте сальто-мортале орындайтын акробаттар, арқан үстіндегі шеберлер және эквилибристер цирк өнерінің шегін көрсетеді.
Сонымен қатар бағдарламаның негізі – нәзік юмор мен көрерменмен тікелей интерактив орнататын сайқымазақтар шоуы болмақ.