Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Наурызда сыйлық беру дәстүрде бар ма?

Наурызда сыйлық беру дәстүрде бар ма?

Этнограф кейбір дәстүрлер бұрмаланып бара жатыр дейді

QazMonitor Logo
Porapak Apichodilok / pexels.
Porapak Apichodilok / pexels.

Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде Наурызға қатысты «Ұйқыашар» мен «Селт еткізер» дәстүрлері белсенді насихаттала бастады. Бұл жоралғылар шын мәнінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қатысты айтылған ба? Бұл сұраққа қолөнерші, этнограф Бұлбұл Кәпқызы жауап беріп, қазір бұл дәстүрдің бұрмаланып бара жатқанын айтты, деп хабарлайды QazMonitor.

«Ұйқыашар» мен «Селт еткізер» деген не?

Халық арасында тараған түсінік бойынша, бұл екі ұғым жастар арасындағы сыйластықты білдіреді.

Ұйқыашар - бойжеткендердің өздері ұнатқан бозбалаларға арнап дайындайтын ерекше тағамы. Оның құрамына дәмді ет, қазы-қарта салынып, жігіттердің «ұйқысын ашып, сергек жүрсін» деген ниетпен ұсынылады.

Селт еткізер - қыздардың жасаған ілтипатына жауап ретінде жігіттердің беретін базарлығы. Бұл көбіне айна, тарақ, иіссу немесе әшекей бұйымдар болады. Қыздың көңілі «селт етіп», қуанышқа бөленсін деген мағынаны білдіреді.

Тұрмыстық салт па, әлде мерекелік жоралғы ма?

Алайда этнографтар бұл мәселеге тереңірек үңілуді ұсынады. Танымал қолөнерші, этнограф Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, бұл екі дәстүрді тікелей Наурыз мейрамымен байланыстыру — ғылыми тұрғыдан жаңсақ пікір.

«Бұл - қазақтың күнделікті тұрмысындағы, ауыл арасындағы жастардың қарым-қатынасын реттейтін әдептілік жоралғылары. Оны тек қана Наурызға таңып қою дұрыс емес. Бұл — қазақ болмысының ажырамас бөлігі, бірақ жылдың кез келген уақытында орындала беретін тұрмыстық салт. Оны Наурыз мейрамында ғана жасалатын сыйлық деп айту қате. Қазақтың бұл салты тек Наурызда көрсетіліп жүрген соң, қоғамда осындай бұрмаланған пікір қалыптасып барады. Жалпы, Наурызда сыйлық сыйламайды. Тек үй аралап, дастарханнан, оның ішінде мерекенің негізгі асы - наурыз көжеден дәм татады», деді ол.

Сонымен қатар этнограф «қазіргі заманға лайықтап наурызда не сыйлаған дұрыс?» деген сұраққа жауап берді.

«Әр адам өзінің көңілі нені қаласа, соны сыйлай алады. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін сыйлық жасауға болады. Мысалы, Жаңа жылда сыйлық жасағандай, біреуді қуанту үшін кез келген нәрсені сыйлауға болады. Ең бастысы - адамды қуанту, көңілін көтеру. Қазақта «Орамал тон болмайды, жол болады», «Қуыс үйден құр қол шықпа» деген сөз бар. Қазақ қонаққа құр қол бармайды, сондай-ақ үйге келген қонағын құр қол қайтармайды. Өйткені барған үйде екі қабат немесе емізулі баласы бар әйел болса, дәм етеді деп ойлайды. Сондықтан қазақ қонаққа құр қол кірмейді. Бұл жылдар бойы қалыптасқан дәстүр», деп қосты Бұлбұл Кәпқызы.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.