«Астана Опера» сахнасында Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық Борис Эйфман балет театрының гастрольдік сапары аясында екі қойылым көрсетілді, деп хабарлайды QazMonitor.
Көрермендер назарына хореограф Борис Эйфманның әйгілі «Қызыл Жизель» балетінің жаңартылған нұсқасы және Федор Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романының желісі бойынша қойылған «Күнәның ар жағында» философиялық спектаклі ұсынылды.
«Қызыл Жизель» гастрольдік бағдарламаның негізгі қойылымдарының біріне айналды. Балет өмір жолы ұлы талант пен қатал тарихи кезеңнің қақтығысын бейнелейтін атақты балерина Ольга Спесивцеваға арналған.
Қойылымда революция, эмиграция, жеке күйзелістер мен ішкі жан күйреуі адам тұлғасының нәзіктігін ашатын драмалық оқиға ретінде көрсетіледі. Жаңартылған нұсқада хореограф спектакльдің көркемдік безендірілуі мен хореографиялық құрылымын қайта жаңғыртқан.
Сонымен қатар, Достоевский шығармасының желісімен қойылған «Күнәның ар жағында» балеті ұсынылды. Бұл қойылым – жазушының атақты романына жасалған пластикалық интерпретация. Спектакль сенім мен сенімсіздік, адамгершілік құлдырау, ішкі қайшылық және рухани жаңғыру тақырыптарын қамтиды. Би тілі арқылы хореограф адам табиғатының екіжақтылығы мен жақсылық пен жамандықтың мәңгілік тартысын бейнелейді.