ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Шымкентте Мәдениет және өнер университетін құру мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды QazMonitor.
Жаңа университет М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Мәдениет және өнер факультетінің базасында құрылады. Жоспарға сәйкес оқу орнында 6 факультет, 17 кафедра және бакалавриат, магистратура мен докторантура бойынша 46 білім беру бағдарламасы жұмыс істейтін болады.
Негізгі басымдық кино және телевидение, анимация, медиа-менеджмент, цифрлық дизайн, сценография және өзге де бағыттар бойынша техникалық кадрлар даярлауға беріледі.
Сонымен қатар Қазақстанда алғаш рет цирк өнері саласы бойынша жоғары білімді мамандар даярлау жоспарланып отыр. Сондай-ақ реставраторлар даярлау да жаңа бағыттардың бірі болмақ.
Бұған қоса, мегаполисте жаңа Опера және балет театрын салу мәселесі де қаралды. Бұл нысан бойынша қала әкімдігі жалпы аумағы 2,8 гектарды құрайтын жер учаскесін белгілеп қойған. Жобаға сәйкес театрдың көрермен залы 1500 орынға лайықталып салынады.
Айта кетейік, қазір қалада 1984 жылы салынған, 330 көрерменге арналған Опера және балет театры жұмыс істеп тұр.