Димаш Құдайбергенның «Voice Beyond Horizon» жобасы 5 ақпаннан 23 сәуірге дейін көрсетіліп, 2 миллиардтан астам қаралым жинады, деп хабарлайды QazMonitor.
Қытай мен Қазақстанның алғашқы бірлескен Voice Beyond Horizon жобасы — әлемдегі ең ірі медиахолдингтердің бірі саналатын қытайлық Hunan TV телеарнасымен бірге жүзеге асырылған ауқымды халықаралық музыкалық телешоу.
Жоба музыкалық шоу мен реалити-саяхат форматын тоғыстырды. «Voice Beyond Horizon» Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия сияқты 6 елден 8 орындаушының басын қосып, Ұлы Жібек жолының симфониясын әлемге паш етті.
Ауқымды түсірілім жұмыстары еліміздің 2 қаласы мен 4 өңірінде — Астана, Алматы қалаларында және Түркістан, Маңғыстау, Алматы, Ақмола облыстарында өтті. Көрермендер еліміздің негізгі туристік орындарын: көне Түркістанды, Бозжыра шатқалы мен Каспий теңізінің жағалауын, сонымен қатар Қайыңды мен Көбейтұз көлдерін, Бурабай ұлттық табиғи паркін тамашалады.
Жоба Қытайда аудиториясы 1,9 миллиардтан астам Hunan TV телеарнасы мен Mango TV ірі цифрлық платформасында, ал Қазақстанда «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында көрсетілді.
Эфирлік көрсетілім кезеңінде бағдарламаның барлық 11 шығарылымы телерейтингте бірінші орынға шықты. Интернет-арналардағы контенттің жалпы қаралым саны 2,36 миллиардқа жетсе, Mango TV платформасындағы қаралым 700 миллионнан асты. Жоба 474-тен астам рет ең көп талқыланған тақырыптар мен трендтер тізіміне енді.