Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Алматы музейінде жаңа табылған сақ жауынгері таныстырылды

Алматы музейінде жаңа табылған сақ жауынгері таныстырылды

Есіктен кейінгі сенсация Алматы ЖЭО-2 маңынан табылған

QazMonitor Logo
Qazaqstan Monitor: Алматы музейінде жаңа табылған сақ жауынгері таныстырылды

Алматы музейінде сақ дәуіріне жататын жауынгердің ғылыми реконструкциясы көпшілік назарына ұсынылды. Археологтардың болжамынша, ер адам біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда, шамамен 2,5 мың жыл бұрын өмір сүрген, деп хабарлайды QazMonitor.

Бұл туралы жәдігерді реставрациялаған компания хабарлады. Мамандардың пайымынша, ол әйгілі «Алтын адам», Үржар абызы және басқа да белгілі археологиялық ескерткіштер жататын сақ мәдениетінің өкілі болған.

Жауынгердің сүйегі Алматы қаласындағы көптеген қорғандардың бірінен, нақтырақ айтқанда, Алматы ЖЭО-2 маңынан табылған. Археологтар бұл олжаны өңір тарихын зерттеудегі маңызды жаңалықтардың бірі деп бағалап отыр.

Қазба жұмыстары барысында жауынгердің жанынан қысқа семсер – ақинақтың іздері, күмістен жасалған белдік қаптырмалары, күміспен қапталған қола айылбас, сондай-ақ алтын жалатылған қола әшекейлер табылған. Ерекше назар аударатын жәдігерлердің қатарында қасқырлардың шайқас көрінісі бейнеленген қару-жарақ пен белдік элементтері бар.

Мыңдаған жылдар ішінде органикалық материалдардан жасалған киім-кешек пен бұйымдар толықтай шіріп кеткен. Тіпті темір семсердің өзі тек із күйінде сақталған. Соған қарамастан, қола, күміс және алтыннан жасалған артефактілердің орналасуын зерттеу, сол кезеңге тән ұқсас олжалармен салыстыру және сақ мәдениеті жөніндегі археологиялық деректерді талдау арқылы ғалымдар жауынгердің сыртқы келбетін қалпына келтірген.

Реконструкцияны белгілі реставраторлар және тарихи реконструкторлар Қырым Алтынбеков пен Элина Алтынбекова әзірледі. Жауынгердің киімі табиғи маталардан тігілген және түрлі өрнектермен безендірілген. Ал шаш үлгісі екі ұзын бұрымнан тұрған. Олар екі тал шашты шиыра өру арқылы жасалған.

Жаңа реконструкция Алматы аумағында ежелгі дәуірден бері дамыған мәдениет пен өркениеттің болғанын тағы бір мәрте дәлелдейді. Мамандар бұл жаңалық қала тарихын тереңірек тануға мүмкіндік беретін маңызды археологиялық олжа екенін айтып отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.