Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің репертуарындағы туындылар әлемнің жетекші музыкалық платформаларында жарияланды, деп хабарлайды QazMonitor Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Оркестр тарихында алғаш рет қазақ күйлері халықаралық музыкалық платформаларға шығарылып, халқымыздың ғасырлар қойнауынан жеткен күй өнерін жаһан жұртшылығына таныта түсті.
Цифрлық форматта қазақтың көрнекті композиторлары мен күйші өнерпаздарының шығармалары ұсынылды. Олардың қатарында Құрманғазы Сағырбайұлының, Дина Нұрпейісованың, Тәттімбеттің, Қазанғаптың, Нұрғиса Тілендиевтің және өзге де авторлардың күйлері бар. Сонымен қатар көпшілік А.Жұбанов, Е.Брусиловский, К.Күмісбековң, Т.Қажығалиев, Х.Тастанов, С.Бәйтереков, С.Шабельский, Л.Шаргородский және С.Құсайыновтың шығармаларын да тыңдай алады.
Музыкалық туындылар Spotify, Apple Music, YouTube Music, Amazon Music, Яндекс Музыка және басқа да танымал цифрлық платформаларында ұсынылған.