Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Қарағанды облысында бір қорғаннан екі түрлі дәуірдің жерлеу орындары табылды

Қарағанды облысында бір қорғаннан екі түрлі дәуірдің жерлеу орындары табылды

Археологтар Құлайғыр қорымынан құнды жәдігерлер тапты

QazMonitor Logo
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Қарағанды облысының Абай ауданында археологтар бір ғана қорғаннан бірнеше ғасырлармен бөлінген екі тарихи кезеңге тиесілі жерлеу орындарын анықтады, деп хабарлайды QazMonitor.

Көне дәуірдің құнды жәдігерлері Құлайғыр ауылы маңындағы Құлайғыр-1 қорымында жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде табылды. Археологиялық зерттеулер Қарағанды облысының тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының тапсырысы негізінде жүзеге асырылды.

Зерттелген нысан — диаметрі шамамен 10 метр, биіктігі 40 сантиметрге дейін жететін дөңгелек пішінді қорған. Топырақтың үстіңгі қабаты алынғаннан кейін археологтар үш-төрт қатар болып қаланған тас тақталардан құралған шеңберлі қоршауды тапты. Оның ішкі бөлігінде тас үйіндісі орналасқан.

Қорғанның дәл ортасынан зерттеушілер Тасмола мәдениетіне жататын ерте темір дәуірінің жерлеу орнын анықтады. Марқұмды жерлеу ингумация дәстүрі бойынша орындалған: адам шалқасынан жатқызылып, денесі солтүстік-батыс — оңтүстік-шығыс бағытына қарай бағдарланған. Табылған жәдігерлер қатарында қола айна, белдік бөлшегі және адам сүйегі бар.

Алайда археологтар үшін басты жаңалық бұдан да терең қабаттан табылды. Тас үйіндісінің астынан олар орта қола дәуіріне жататын, біздің дәуірімізге дейінгі XVIII–XVI ғасырлармен мерзімделетін Нұра мәдениетінің көне жерлеу орнын анықтады.

Жерлеу құрылысы тас циста түрінде жасалып, солтүстік — оңтүстік бағытына қарай орналастырылған. Марқұмды жерлеу рәсімі кремация дәстүрі бойынша жүргізілген: өртенген сүйек қалдықтары жерлеу камерасының оңтүстік бөлігінен табылды.

«Бір қорғанның ішінен біз ғасырлармен бөлінген екі түрлі тарихи кезеңге жататын жерлеу орындарын анықтадық», — деді Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Тілеуов

Археологтар қосымша табылған жәдігерлер арасынан Нұра мәдениетіне тән геометриялық өрнекпен безендірілген қыш ыдыстардың сынықтарын, қола қапсырманы және өрнектелген тағы бір ыдыстың бөлшектерін тапты.

Зерттеу жұмыстарының далалық кезеңі аяқталды. Енді табылған барлық артефактілер зертханалық сараптамаға жіберіледі. Ғылыми зерттеулер ежелгі Орталық Қазақстан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен жерлеу дәстүрлері туралы жаңа деректер алуға мүмкіндік береді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.