Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Қарағандының Орталық саябағында балаларға тегін домбыра сабағы өтеді

Қарағандының Орталық саябағында балаларға тегін домбыра сабағы өтеді

«Күйге бастар қадам» жобасы аясында домбырадан тегін дәрістер басталды

QazMonitor Logo
Фото: Оңалхан Өнерхан
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қарағандының Орталық саябағында ұлттық музыка өнерін насихаттауға бағытталған «Күйге бастар қадам» атты жаңа мәдени жоба өз жұмысын бастады. Бастама балалар мен жасөспірімдерге қазақ халқының рухани мұрасы мен төл өнерін тереңірек танытуға мүмкіндік береді. Енді қаланың жас тұрғындары қазақ мәдениетінің киелі символдарының бірі саналатын домбырада ойнауды тегін меңгере алады. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімдігі хабарлады.

Сабақтар саябақ аумағындағы ашық аспан астындағы шығармашылық алаңда өтеді. Домбыра үйрену дәрістері аптасына екі рет – сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 11:00-де ұйымдастырылады. Жобаға 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер қатыса алады. Қатысу үшін қажетті жалғыз талап – домбыра аспабының болуы.

Жас өнерпаздарға дәріс беріп, домбыраның қыр-сырын үйрететін маман – №2 балалар өнер мектебінің домбыра сыныбының оқытушысы, «Асыл мұра» өнер орталығының негізін қалаушы Жазира Омарова. Ұстаздың педагогикалық еңбек өтілі 21 жылдан асады.

«Бүгінде сабақтарға қызығушылық танытып жатқан балалардың қатары көп. Олар алғашқы жаттығулар мен күйлерді үлкен ынтамен меңгеруде. Ашық аспан астындағы сабақтар балаларға еркін орта қалыптастырып, өз қабілеттерін ашуға, шығармашылық бастамаларын көрсетуге мүмкіндік береді. Біз алғашқы сабақты өткізіп, алғашқы топты жасақтадық. Дегенмен жобаға қосылғысы келетін барлық ниетті жандарды қуана қабылдаймыз», – деді Жазира Омарова.

Алғашқы топ оқуын бастап кеткенімен, жобаға қатысушыларды қабылдау әлі де жалғасуда. Ұйымдастырушылар домбыраның сырлы әлеміне қадам басып, ұлттық өнерді үйренгісі келетін барлық балаларды жобаға қатысуға шақырады.

Жазылу үшін келесі телефон нөміріне хабарласу қажет: 8-775-534-85-14.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.