Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Алматыда «Операдағы түн» жобасы бес мыңнан астам көрерменді жинады

Алматыда «Операдағы түн» жобасы бес мыңнан астам көрерменді жинады

92-маусымды қорытындылаған бірегей мәдени жоба ашық аспан астында өтті

QazMonitor Logo
Фото: Алматы қаласының әкімдігі
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында 92-театр маусымының шымылдығын жапқан «Операдағы түн» жобасы жоғары деңгейде өтіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді, деп хабарлайды QazMonitor.

Бұл бірегей мәдени бастама музыка мен өнердің мерекесіне айналып қана қоймай, елдің мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды.

Іс-шара дәстүрлі театр кеңістігінің аясынан шығып, Алматыны дамытудың жаңа тұжырымдамасын айқын көрсетті. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Алматының Нью-Йорк, Мәскеу және Париж секілді тәулік бойы қарқынмен өмір сүретін, тұрғындар мен туристерге 24/7 режимінде қызмет көрсететін мегаполиске айналуы қажет екенін атап өткен болатын. «Операдағы түн» сол бастаманың жарқын көрінісіне айналды. Өнерге бөленген түнгі қала классикалық мұраның мәңгілік құндылықтары төңірегінде мыңдаған адамды біріктірді.

Театр алдындағы алаңда өткен ашық аспан астындағы концертке 5 мыңнан астам көрермен жиналды. Ұлы өнердің құдіретін сезінуге келген жұрт қаланың әр ауданынан арнайы келді.

Сол кеште театр алдындағы алаң жұлдызды аспан астындағы алып концерт залына айналды. Симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен театрдың жетекші солистері мен хоры әлемдік және ұлттық опера өнерінің жауһарларын орындады. Көрермендер Карл Орфтың әйгілі «O Fortuna» шығармасынан бастап, Верди мен Пуччини операларындағы әсерлі көріністерді, сондай-ақ қазақ операсының інжу-маржандары – «Біржан – Сара» мен «Абай» операларынан үзінділерді ерекше ықыласпен тыңдады. Кештің шарықтау шегі – мыңдаған көрерменнің театр артистерімен бірге аңызға айналған «Гүл Алматым» әнін бір дауыспен шырқауы болды.

Ауқымды жобаны жүзеге асыруға 200-ден астам өнерпаз қатысты. Олардың қатарында театрдың танымал опера шеберлері де, жас дарындар да бар. Бұл Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры қалыптастырған өнер мектебіндегі ұрпақ сабақтастығының айқын көрінісі болды.

Музыкалық сүйемелдеуді театрдың симфониялық оркестрі мен хоры қамтамасыз етті. Дирижерлік тізгінді маэстролар Нұржан Байбосынов пен Қуаныш Исмаилов ұстады. Бас хормейстер Әлия Темірбекова хордың үйлесімді әрі қуатты үнін қалыптастырса, қоюшы режиссер Наталья Кагадий мен режиссер Алуа Сабо концерт бағдарламасын тұтас көркем қойылым деңгейіне көтерді.

Көрерменге лық толы алаң, көтеріңкі көңіл күй және өнермен үндескен мыңдаған алматылықтың ықыласы «Операдағы түннің» Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жаңа дәстүріне айналғанын көрсетті. Жоба Алматының тәулік бойы өнердің тынысымен өмір сүретін мәдени астана ретіндегі келбетін айшықтай түсті.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.
Халықтық Конституция — 1 шілде күшіне енеді