Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Астанада Қостанай облысының креативті жобалары таныстырылды

Астанада Қостанай облысының креативті жобалары таныстырылды

QOSTANAI CREATIVE CULTURE жәрмеңкесіне мыңнан астам адам қатысты

QazMonitor Logo
Фото: Астана қаласының әкімдігі
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Creative Aimaq республикалық жобасы аясында өткен QOSTANAI CREATIVE CULTURE креативті жәрмеңкесінде Қостанай облысының тарихи-мәдени мұрасы, ұлттық қолөнері, авторлық брендтері, заманауи технологиялары мен креативті индустрия саласындағы жобалары таныстырылды, деп хабарлайды QazMonitor.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңке өңірлік креативті индустриялардың экономикалық әлеуетінің жоғары екенін және отандық креативті өнімдерге сұраныстың артып келе жатқанын көрсетті.

Бағдарламаның басты оқиғаларының бірі – биыл Қостанай өңіріне бұйырған республикалық «Алтын домбыра» айтысының бас жүлдесінің көпшілік назарына ұсынылуы болды. Келушілер жүлде иегері Айбек Қалиевпен кездесіп, домбыралар көрмесін, ұлттық музыкалық аспаптар топтамасын және өңірдің тарихи тұлғаларына арналған экспозицияларды тамашалады.

Сонымен қатар Қостанай дизайнерлерінің этностильдегі сән көрсетілімі өтті. Нью-Йорктегі MobFilm Festival халықаралық кинофестивалінің финалисі атанған «Қалам» мобильді фильмі таныстырылып, Қостанай өңірлік университеті студенттерінің инновациялық инженерлік жобалары мен Қазақстандағы алғашқы студенттік жарыс болиду көпшілікке ұсынылды.

Жәрмеңке барысында зергерлік өнер, ағаш және былғары өңдеу, киіз басу, қыш өнері, ұлттық ою-өрнек пен сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Келушілер ұлттық қолөнердің ерекшеліктерімен танысып, бұйым жасау процесіне қатысуға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ іс-шара аясында еліміздегі алғашқы фольклорлық-этнографиялық ұжымдардың бірі – «Шертер» ансамблі өнер көрсетіп, ұлттық музыкалық мұраны насихаттады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.