Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Comic Con Astana биыл да әлемдік поп-мәдениет жұлдыздарын жинайды

Comic Con Astana биыл да әлемдік поп-мәдениет жұлдыздарын жинайды

Биыл фестиваль екі алаңда өтіп, халықаралық косплей турнирінің жүлде қоры 20 млн теңгені құрайды

QazMonitor Logo
Руслан Пряников
Руслан Пряников

Елордада 6-9 тамыз аралығында бесінші рет Comic Con Astana халықаралық фестивалі өтеді. Дәстүрлі шара кино, сериал, комикс, бейнеойын, аниме және поп-мәдениет жанкүйерлерін бір алаңға жинайды, деп хабарлайды QazMonitor Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Биыл Comic Con Astana былтырғы форматты сақтап, бірден екі алаңда ұйымдастырылады. Фестивальдің басты сахнасы, халықаралық хедлайнерлермен кездесулер және негізгі бағдарламалар Barys Arena кешенінде өтсе, «Алау» мұз сарайы тақырыптық аймақтар, серіктестердің стендтері, ойын алаңдары, интерактивті бағдарламалар мен көрме кеңістігіне айналады.

Фестивальдің алғашқы хедлайнері ретінде әлемге әйгілі даниялық актер Николай Костер-Вальдау жарияланды. Ол көпшілікке «Тақтар ойыны» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлі арқылы танымал. Сонымен қатар актер «Қара сұңқардың құлауы», «Аспан патшалығы», «Обливион», «Мысыр тәңірлері», «Мама», «Бос кеңістікке оқ» фильмдерінде және «Оның маған айтқан соңғы сөзі», «Патша мен жаулаушы» сериалдарында ойнаған.

Comic Con Astana қонақтарының қатарында тағы бір халықаралық жұлдыз – Netflix платформасындағы танымал One Piece сериалында Манки Д. Луффидің рөлін сомдаған актер Иньяки Годой болады. Ол фестивальдің басты сахнасында жанкүйерлермен кездесіп, сұрақтарға жауап береді, сондай-ақ қолтаңба тарату және фотосессияларға қатысады. Бұған қоса, актер «Жетілмегендер» және «Сараны кім өлтірді?» сериалдары арқылы да танымал.

Фестивальге кино актерлерімен қатар танымал блогерлер, контент авторлары мен әлемдік косплей индустриясының өкілдері де келеді.

Арнайы қонақтар қатарында:

• Kamui Cosplay – Германиядан келген, косплей костюмдерін жасаумен танылған шығармашылық дуэт;

• SuperCrastan (Даня Крастер) – ғылыми-көпшілік контентімен және инженерлік жобаларымен белгілі YouTube-блогер;

• Jane Kravitz – зерттеулер мен деректі бейнеэсселерге арналған YouTube арнасының авторы;

• Karrambaby – сән, саяхат және lifestyle бағытындағы ресейлік видеоблогер;

• Dobryak – миллиондаған қаралым жинаған анимациялық роликтердің авторы;

• Dalbek – фильмдер мен анимацияға арналған шолуларымен танымал қазақстандық блогер.

Фестиваль бағдарламасының маңызды бөлігі саналатын халықаралық косплей байқауы биыл да өткізіледі. Әлемнің әр түкпірінен келетін қатысушылар бақ сынайтын турнирдің жүлде қоры 20 млн теңгені құрайды. Бұл оны өңірдегі ең ірі косплей жарыстарының біріне айналдырып отыр.

Айта кетейік, Comic Con Astana соңғы жылдары Орталық Азиядағы ең ірі поп-мәдениет фестивалі мәртебесіне ие болды. Бұған дейін оның хедлайнерлері қатарында Мадс Миккельсен, Энди Серкис, Пилу Асбек, Скотт Эдкинс, Эсай Моралес, Майкл Рукер, Шон Ганн, Перси Хайнс Уайт және Александр Кузнецов болған.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.