Қазақстанның кино индустриясы тек түсірілім алаңымен шектелмейді. Фильмнің түпкілікті бейнелік тілі қалыптасатын постпродакшн кезеңінде де, отандық мамандардың шеберлігі күн санап шыңдалып келеді. Бұған дейін түсті түзету монтаждың техникалық бір бөлігі ғана болып келсе, бүгінде ол жеке өнер мен кәсіпке айналды. Қазақстандық колористер толықметражды фильмдерді, сериалдар мен клиптерді өңдеуге белсене араласып жүр. Ал ол туындылардың бірқатары халықаралық фестивальдерге жол тарта бастады.
Солардың бірі – Ұлан Сағындықов. Оның жобалары АҚШ-тағы Fantastic Fest сияқты беделді алаңдарда көрсетіліп жүр.
«Колорист кәсібінің техникалық жағы басым болғанымен, мен түсті түзетуді визуалды баяндаудың басты құралдарының бірі деп санаймын. Басты мақсатым – таза техникалық кемшіліктерді түзетіп қана қоймай, фильм немесе сериал авторлары көздеген эмоцияны аша түсу әрі оны соңына дейін сақтау», — деді Ұлан.
Көрерменнің көңіл-күйіне әсер етуде бірнеше фактордың тоғысы маңызды: олар – кадрдың контрасты, қанықтығы мен реңкі. Төмен контраст пен көгілдір-сұр түстерге негізделген кадр жалғыздық пен ішкі бостық сезімін ұялатады. Ал алшақ, өткір контраст пен сары-жасыл реңк мазасыздықты білдіреді. Керісінше, жағымды эмоциялар жұмсақ контраст пен жылы, алтын түстес палитра арқылы беріледі.
Ұлан өз жобаларының арасынан отандық «ASAU» сериалын ерекше атап өтеді. Бұл – мегаполистегі астыртын жекпе-жектерде күн көруге мәжбүр болған ауыл баласының хикаясын баяндайды. Постпродакшн өте тығыз мерзімде өтіп, тәжірибе де аздау болғанына қарамастан, бұл туынды ол үшін ең ыстық жұмыстардың біріне айналды. Жобадағы басты рөлді Аян Өтепберген сомдаса, режиссері – Назар Шархан, ал қоюшы-операторы – Сардар Баймолдин.
Ұланның айтуынша, соңғы айлар өте өнімді болды: ол екі толықметражды фильмнің жұмысын аяқтады. Оның бірі – атмосфералық хоррор. Туындының тұсаукесері кезінде әлемге «Джон Уик» пен «Сплит» сияқты фильмдерді танытқан АҚШ-тағы Fantastic Fest фестивалінде өтеді. Екінші тұсаукесер Қазақстанда қыркүйек айына жоспарланған, ол – «Бүркітші» детективті драмасы.
Ұлан жасанды интеллект әлі де колористі алмастыра алмайды деп есептейді: генеративті модельдер көріністерді жарық пен баланс бойынша өзара үйлестіре алмайды және түс арқылы адамның нәзік эмоцияларын жеткізуге қауқарсыз. Тіпті кейде нейрожелі мамандарының өздері түсті түзетіп беруді өтініп, колористердің көмегіне жүгінеді.