Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. «Моананың» көркем фильм форматындағы ремейкінде қазақстандық әнші ән шырқады

«Моананың» көркем фильм форматындағы ремейкінде қазақстандық әнші ән шырқады

Басты кейіпкердің вокалдық партияларын Санат Асуат орындады.

QazMonitor Logo
Санат Асуаттың жеке архивінен
Санат Асуаттың жеке архивінен

Қазақстанда Disney компаниясының «Моана» көркем фильмі (киноадаптациясы) прокатқа шығады. Әлемдік орыс тілді прокатта басты кейіпкердің әндерін 21 жастағы қазақстандық әнші Санат Асуат орындады, деп хабарлады әншінің PR-директоры.

Жас вокалист үшін бұл кезекті кәсіби жоба ғана емес, кезінде миллиондаған көрерменнің сүйікті мультфильмін қайталап көруден басталған балалық арманының орындалуы.

«Мені осы жобаға шақырып, осындай ерекше рөлді сеніп тапсырғаны үшін шексіз алғыс айтамын. Бұл — шынымен де үлкен мәртебе әрі шығармашылық өмірімдегі маңызды белес. Өйткені кішкентайымнан Disney мультфильмдерін өте жақсы көретінмін және кез келген вокалист сияқты бір күндері кинокейіпкерге өз даусымды сыйласам деген арманым бар еді. Дыбыстаудағы алғашқы тәжірибемнің дәл Моанадан бастау алғанына ерекше қуаныштымын: бұл — өте символдық маңызы бар әрі бағалы сәт, себебі бұл кейіпкер маған шынымен де жақын. Моана — батыл, қайсар, еркіндікті сүйетін, әрдайым өз жолымен, арманы мен мақсатына ұмтылатын қыз, ал бұл бейне қазақ аруының болмысымен өте үндес. Дәл осы қасиеттеріміз ұқсайды. Сонымен қатар фильмдегі бабалармен, өз тегіңмен байланыс тақырыбы да жаныма жақын. Мен бұл байланысты өте терең сезінемін, ол мен үшін үлкен маңызға ие. Жалпы алғанда, бала күнгі арманның шындыққа айналғанын түсіну — ең керемет сезім. Ең бастысы — арманға сенуді тоқтатпай, оған қарай қадам басу», деді жас әнші. 

Санат Асуат — Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі (2026), Нағима Есқалиеваның класында білім алған. 2025 жылы Санат «Голос Азербайджана - 2025» жобасының финалисі әрі Қазақстаннан қатысқан жалғыз өкіл болды. Жоба барысында ол «Голос» әлемдік франшизасының шолулары мен рейтингтерінде ең көп аталған вокалистердің біріне айналды — «Аптаның үздігі» айдарында Санаттың 6 өнерінің 4-еуін продюсерлер өте жоғары бағалады.

Бүгінде әнші бүкіл Қазақстан бойынша концерттерге, қайырымдылық жобаларына белсенді қатысып жүр. Ал алдағы жоспарында — авторлық альбом жазу және магистратураға түсуге дайындалу бар.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.