Ұлытау облысында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» жобасы жүзеге асырылады. Бастама аясында өңір тұрғындарының 20%-ын қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды QazMonitor Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған байланысты Ұлытау облысының әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев пен қоғамдық қор төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков қол қойды.
Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын өңірде бірлесіп өткізу, кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау, оқырмандық орта қалыптастыру және қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру.
Жоба Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамытуға, білімге құштарлықты арттыруға және зерделі ұлт қалыптастыруға бағытталған бастамаларын іске асыруға бағытталған.
«Ұлытау – халқымыздың тарихи жады мен рухани болмысы тоғысқан қасиетті мекен. Осындай жерде кітап оқу мәдениетін дәріптеу – өткенімізді тану мен келешегімізді кемелдендірудің сабақтастығын қалыптастырады. Біз үшін «Кітап оқитын ұлт» марафоны – жай ғана кітап оқу акциясы емес, білімді, ойлы және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды қоғамдық бастама. Ұлытау облысы бұл жұмысты жүйелі түрде қолдауға дайын», – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев.
Қоғамдық қор төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков Ұлытаудың тарихи-мәдени әлеуеті кітап оқу мәдениетін насихаттауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Зерделі ұлт қалыптастыру – бір күннің немесе бір жобаның міндеті емес. Бұл – қоғамның ойлау мәдениетін өзгертетін ұзақ мерзімді үдеріс. Ұлытау секілді қазақ тарихының алтын арқауы саналатын өңірде бұл бастаманың жүзеге асуы біз үшін ерекше маңызды», – деді ол.
Меморандум аясында кітап оқу мәдениетін насихаттауға арналған қоғамдық-ағартушылық іс-шаралар, оқырмандық бастамалар мен марафонның өңірлік кезеңдері ұйымдастырылады.
Жобаны іске асыруға Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры және Yandex Qazaqstan компаниясы «Яндекс Кітаптар» сервисімен бірлесіп қатысады.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.