Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Астаналық балабақшада балаларға кітап оқытудың жаңа тәсілі енгізілді

Астаналық балабақшада балаларға кітап оқытудың жаңа тәсілі енгізілді

Жоба аясында балалардың оқу, ойлау және шығармашылық дағдыларын дамытуға бағытталған интерактивті платформа іске қосылды

QazMonitor Logo
Фото: Астана қаласының әкімдігі
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы №5 «Ақбота» балабақшасында мектеп жасына дейінгі балалардың кітапқа қызығушылығын арттыруға бағытталған «Ақылды кітапхана: AI және ART әлемі» жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды QazMonitor,

Жобаның негізгі мақсаты – заманауи технологиялар арқылы балалардың кітап мазмұнын түсінуіне, ойлауына және шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай жасау.

Бастаманың басты ерекшелігі – кітап, жасанды интеллект және ART-терапияның бір жүйеге біріктірілуі. Балабақшада арнайы «Ақылды кітапхана» кеңістігі құрылып, балаларға арналған электрондық интерактивті платформа әзірленген.

Жұмыс бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен бала ертегімен танысып, оны тәрбиешіден немесе ЖИ көмегімен тыңдайды. Кейін виртуалды кейіпкермен сөйлесіп, сұрақ қояды, оның әрекеттерін талдап, өз ойын білдіреді.

Одан соң балалар ертегі желісі бойынша квест тапсырмаларын орындап, оқиғалардың ретін анықтайды, сұрақтарға жауап береді және шешім қабылдайды. Бұл олардың зейінін, есте сақтауын және логикалық ойлауын дамытуға бағытталған.

Соңғы кезеңде ART-терапия арқылы бала ертегіден алған әсерін сурет және шығармашылық жұмыстар арқылы жеткізеді.

Жобаға ұлттық мазмұн да енгізілген. Қазақ ертегілері мен ұлттық кейіпкерлер арқылы балалардың халықтық дүниетанымы мен адамгершілік құндылықтарды тануына мүмкіндік беріледі.

Жасанды интеллект кітаптың орнын алмастырмайды. Керісінше, ол баланың шығармаға қызығушылығын арттыратын құрал ретінде пайдаланылады.

Платформаны телефон, планшет, компьютер, интерактивті панель және смарт-теледидар арқылы қолдануға болады. Оны балабақшада да, үй жағдайында ата-анамен бірге де пайдалануға мүмкіндік бар.

Алдағы уақытта платформаны жаңа ертегілермен, кейіпкерлермен және танымдық тапсырмалармен толықтыру жоспарланып отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.