Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Қыркүйекте Қарағандыда жаңа концерттік маусымдар ашылады

Қыркүйекте Қарағандыда жаңа концерттік маусымдар ашылады

Қаладағы шығармашылық ұжымдар классикалық және ұлттық музыкадан тұратын бағдарламаларын ұсынады

QazMonitor Logo
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қыркүйек айында Қарағандының музыкалық өмірі жандана түседі. Қалада бірден бірнеше шығармашылық ұжым жаңа концерттік маусымын ашып, көрермен назарына классикалық және ұлттық музыкадан тұратын бағдарламаларын ұсынады, деп хабарлайды QazMonitor.

Алғашқы болып 5 қыркүйекте Еркеғали Рахмадиев атындағы Академиялық симфониялық оркестр сахнаға шығып, өзінің 44-концерттік маусымын ашады. Концерт сағат 17:00-де «Шалқыма» концерт залында өтеді.

Кеште дирижерлік тізгінді Айдар Торыбаев ұстайды. Шақырылған солист – халықаралық байқаулардың лауреаты, Астана қаласынан келген пианист Нұрсұлтан Омарғазин.

Көрермендер Сергей Рахманиновтың «Паганини тақырыбына рапсодиясын» және Петр Чайковскийдің төртінші симфониясын тыңдай алады.

12 қыркүйекте симфониялық оркестр жаңа маусымның екінші концертін ұсынады. «Шалқыма» залында өтетін кеш сағат 17:00-де басталады. Айдар Торыбаевтың дирижерлігімен Петр Чайковскийдің бірінші фортепианолық концерті мен Людвиг ван Бетховеннің алтыншы – «Пасторалдық» симфониясы орындалады.

Бұл жолы солист ретінде халықаралық байқаулардың лауреаты, Астана қаласының пианисі Әмір Қырықбай өнер көрсетеді.

Ал 23 қыркүйекте концерттік маусымды Тәттімбет атындағы Академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі жалғастырады. Сағат 18:30-да «Шалқыма» залында ұжымның 29-концерттік маусымының ашылу концерті өтеді.

Оркестрді дирижер Әбуғалисын Шоқанбаев басқарады. Концертке халықаралық байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары Айдос Иманжаппаров, Рысты Рахымжан және Бердәулет Тұрсынбай қатысады.

Жаңа концерттік маусым Қарағанды көрермендеріне классикалық шығармалармен қатар, қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің үздік үлгілерін тыңдауға мүмкіндік береді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.