Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. Астанада зейнеткер 3500 кітабын оқырмандарға сыйға тартты

Астанада зейнеткер 3500 кітабын оқырмандарға сыйға тартты

Маржан Пірімбетова ұзақ жылдар бойы жинаған отбасылық кітапханасын Байқоңыр ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына тапсырды

QazMonitor Logo
Фото: Астана қаласының әкімдігі
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астаналық зейнеткер, педагог әрі жазушы Маржан Пірімбетова ұзақ жылдар бойы жинаған отбасылық кітапханасын оқырман қауымының игілігіне ұсынды. Ол үйінде сақталған 3500-ге жуық кітапты орталыққа тегін сыйға тартты. Осылайша жеке кітап қорын баршаға ортақ рухани қазынаға айналдырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Мен бұл кітаптарды осында келетін оқырмандар, орталық қызметкерлері және басқа да адамдар пайдаланып, пайдасын көрсін деген ниетпен сыйладым. Мен үшін кітап – орасан зор рухани байлық. Оны өзің оқып қана қоймай, өзгелермен де бөлісу маңызды», – дейді Маржан Пірімбетова.

Кейіпкеріміздің кітапқа деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан. Бүгінде ол өмірінде 3000-нан астам кітап оқығанын айтады. Ұзақ жылдар бойы педагогикалық қызметпен айналысып, журналистика мен шығармашылық саласында ізденіс жүргізе жүріп, кітап жинауға да ерекше көңіл бөлген. Соның нәтижесінде жылдар бойы қалыптасқан бай кітап қоры бүгінде орталық оқырмандарына қызмет етіп отыр.

Маржан Пірімбетова кітап оқуды жеке әдет қана емес, адамдарды біріктіріп, пікір алмасуға мүмкіндік беретін мәдени орта қалыптастыратын құрал ретінде бағалайды. Сондықтан ол орталықта кітап оқу және оқылған шығармаларды талқылауға арналған түрлі кездесулер мен конференциялар ұйымдастырады.

«Мен оқитын қоғам қалыптастыру мақсатында кітап оқу тақырыбында үнемі конференциялар мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырамын. Онда оқыған кітаптарымызды бірге талқылап, пікір алмасып, қорытынды жасаймыз. Жақында оқу үшін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран», Дулат Исабековтің «Қарғын», Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй», Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді», Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романдарын таңдадық», – дейді ол.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.