Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының білім алушылары Канада мен Ресейде өткен халықаралық кинофестивальдерде үш жүлдеге ие болды, деп хабарлайды QazMonitor.
Оттавада өткен Loon Film Festival фестивалінде академияның үшінші курс студенті Ерхат Ерсайынов «Потерянный остров» фильмімен үшінші орын алды. Фестивальде табиғат, бейбітшілік және жануарларды қорғау тақырыптарындағы көркем, деректі, анимациялық және эксперименттік фильмдер ұсынылды. Байқау жас кинематографистерді қолдауға бағытталған.
Академия студенттері Мәскеуде өткен IV «Восхождение» халықаралық студенттік фестивалінде тағы екі жүлде иеленді. Байқауға ТМД-ның жеті елінен 50 фильм ұсынылды.
«Анимация режиссурасы» білім беру бағдарламасының түлегі Бауыржан Адаев «Пуповина» фильмімен «Анимациялық фильмнің үздік режиссурасы» аталымында жеңімпаз атанды. Ал «Көркем фильм режиссурасы» бағытының төртінші курс студенті Мырза Махамбеттің «Май» картинасы қазылар алқасының «Актерлік шеберліктегі алғашқы қадамдары үшін» арнайы жүлдесіне ие болды.
IV «Восхождение» халықаралық студенттік фестивалі С.А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография университетінде ұйымдастырылған «Кино білімі: ТМД елдерінің ортақ білім беру жобалары» форумы аясында өтті.