Talapai стартабының авторы Айнұр Полатованың жолы антикафедегі үстел ойындарынан бастап Louis Vuitton-нан келген хатқа дейін «қазақ мәдениетінде өз ойындарымыз бар ма?» деген қарапайым сұрақтан басталды. Ойындардың бар екені, бірақ оларды «қайта жаңғыртып», бұл үшін пікірлестер жинау керек екені белгілі болды. Осылайша, ол Аян Әділбековпен бірге тоғызқұмалақ пен бестемшені жай ғана жаңартып қоймай, бұл идеяның төңірегінде үстел ойындарын Қазақстан туралы түсінікті әрі әдемі тәсілмен баяндайтын құралға айналдырған команда жинады.
Жоба авторлары идеяға деген сенім қалайша мәдени экспортқа және Made in KZ өнімін жасауға ұласқаны туралы айтып берді.
Жұмыстың бастауы
«Бәрі осыдан үш жыл бұрын Talapai брендінен басталды. Бұл ой маған түрлі антикафелерге жиналып, үстел ойындарын ойнайтын жастарды көргенде келді. Сол кезде мен: «Қазақ мәдениетінде осындай ойындар бар ма?» деп ойландым. Зерттеу жүргізе келе, үстел ойындарына тоғызқұмалақ, бес тас, құмар және бестемше сәйкес келеді деген қорытындыға келдім», деп бастады Айнұр Полатова.
Негізгі идея - бұл ойындардың сыртқы көрінісін заманауи әрі тартымды ету болды. Көбіне тоғызқұмалақ дегенде адамдардың есіне пластиктен жасалған көріксіз көк қорап пен қара шариктер түседі.
«Бестемше - бұл тоғызқұмалаққа ұқсас интеллектуалды ойын. Бұрын ол тоғызқұмалақпен тең дәрежеде ойналатын. Бірақ уақыт өте келе ұмытыла бастады. Тоғызқұмалақтың маркетологы бестемшенікіне қарағанда жақсырақ болды деуге болады».
Louis Vuitton және Lego
«Мен идеяларды қалай ілгерілету керек екенін білмедім. Таныстарым бренд туралы түрлі БАҚ-қа хабарлады, бірақ басында бұған ешкім қызығушылық таныта қоймады. Содан кейін мен түрлі шетелдік брендтерге хат жазуды ұйғардым. Коллаборация жасау мақсатым болған жоқ – бұл жай ғана стихиялы шешім еді. Бірақ неге Louis Vuitton-ды таңдағанымды айта аламын. Бренд шахматпен коллаборациялар жасайды. Ал бестемше ойынының сыртқы түрі сөмкеге ұқсайды. Мен біздің ойын түріндегі сөмке тігуді ұсындым. Жауап күтпеген едім, поштама жай ғана хат-таратылым келді деп ойладым. Алайда, бұл менің сұранысыма келген жауап екен».
Неге Louis Vuitton?
Айнұр Полатованың Франкфуртқа оқуға аттануы мен Louis Vuitton өкілімен кездесуі бір уақытқа сәйкес келді. Өкінішке қарай, бойжеткен барлық егжей-тегжейді жариялауға құқығы жоқ екенін айтты. Бірақ ол брендпен байланысты оқиғаның жалғасып жатқанын атап өтті. Бастапқыда бренд өкілмен кездесудің өзі оңай шаруа болмады. Ол үшін қасыңда заңгерлер мен басқа да әкімшілік қызметкерлер болуы қажет.
Сондай-ақ, оқу кезінде Айнұр Полатова креативті хабтың қатысушысы болып, Франкфуртте ұлттық ойындарды таныстырды. Бірақ бойжеткеннің өзі бұдан ерекше мән көрмеген, өйткені ол өз әзірлемелерін қазақстандықтар үшін ойлап тапқан болатын.
Оқудан оралған соң, Айнұр Полатова ұлттық үстел ойындарын Қазақстаннан тыс жерде насихаттау үшін шағын команда жинауды ұйғарды, осылайша Lego конструкторынан киіз үй моделі әзірленді. Жобаны жүзеге асыру үшін команда идеяны Lego Ideas сайтына жүктеді, онда қолданушылар болашақ конструкторлар үшін өздерінің ерекше дизайндарын ұсына алады.
Lego-дан жасалған киіз үй моделі көшпенділердің дәстүрлі тұрмысын көрсететін бөлшектерден тұрады. Команда әрбір элементті барынша дәл таңдауды мақсат етіп қойды. Өйткені олардың негізгі аудиториясы - балалар, олар бұл заттың не екенін және қандай да бір бөлшекті қалай пайдалану керектігін түсінуге тиіс.
Nomad Yurt өнімі Lego желісінде пайда болуы үшін жоба 10 000 дауыс жинауы керек. Қазір модельде 5800-ден астам дауыс бар.
Made in KZ
Команда ең алдымен жергілікті шикізаттан және ел аумағында құрастырылатын толықтай қазақстандық өнім жасағысы келеді. Олар шегелер мен құрастыру станогынан басқасының бәрі - қазақстандық екенін атап өтті.
«Қазір біздің ойындарымыздың өз концепциясы бар. Мысалы, бестемше ойынын алайық. Негізі оңтүстіктен алатын қарағаштан жасалған. Ағаш Зайсан балының майымен өңделеді. Осылайша, ойын тақтасынан балдың иісі шығып тұрады. Тастарды балшықтан өзім жасаймын. Оны Қазақстанның батысынан алдыртамыз. Елдің орталық бөлігі қапқа арналған теріні жеткізеді. Ал дайын өнімді солтүстікте құрастырып, жасаймыз», дейді Айнур Полатова.
«Мысалы, егер біз Африкаға барсақ, ол жақтан маска алып қайтамыз. Өйткені қай елге барсақ та, сол мәдениеттің бір бөлігін өзімізбен бірге алып кеткіміз келеді. Толығымен табиғи материалдардан жасалған бестемше немесе тоғызқұмалақ та, шетелдік азамат өзімен бірге алып кете алатын біздің мәдениетіміздің бір бөлшегі. Сонымен қатар, мұндай ойындардың көбі әртүрлі халықтарда кездеседі. Біз тоғызқұмалақтың көптеген нұсқалары бар екенін білеміз. Мүмкін, біздің жұмысымыз туристі осы ойынның планетаның түкпір-түкпіріндегі барлық нұсқаларын жинауға итермелейтін шығар», дейді жоба продюсері Аян Әділбеков.