Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Мәдениет
  3. «Астана Опера» 2025 жылды ауқымды шығармашылық нәтижелермен қорытындылады

«Астана Опера» 2025 жылды ауқымды шығармашылық нәтижелермен қорытындылады

Театр маусымы премьералармен, халықаралық гастрольдермен және марапаттармен ерекшеленді

QazMonitor Logo
Астана Опера
Астана Опера

Өткен маусым театр тарихында маңызды қойылымдармен, шетелдік сапарлармен, халықаралық фестивальдерге қатысумен және әртістердің жеке табыстарымен ерекшеленді. Нәтижесінде қазақстандық өнер ұжымы әлемдік мәдени кеңістікте кеңінен танылды.

Жылдың жаңа бағыты наурыз айында театр директоры қызметіне Александр Совостьяновтың келуімен басталды. Танымал менеджер мен мәдениет қайраткерінің жетекшілігі ұжым жұмысына серпін берді. Көп ұзамай көктемде «Опералия» халықаралық фестивалі өтіп, көрермендер Ролан Петидің «Арлезианка», «Бозбала және Өлім», «Кармен» балеттерінен құралған бірегей бағдарламаны тамашалады.

Бозабал мен өлім
Бозабал мен өлім

Маусым барысында ірі премьералар легі жалғасты. Петр Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балеті сахналанса, жыл соңындағы басты жаңалық Джузеппе Вердидің «Риголетто» операсы болды. Ал балет труппасы 2025 жылды халықаралық деңгейдегі табыспен аяқтап, Лео Делибтің «Коппелия» спектаклімен Маскаттағы Корольдік опера театрының сахнасында өнер көрсетті.

Кармен
Кармен

Халықаралық әріптестік жыл бойы театр қызметінің негізгі бағыттарының біріне айналды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен «Опералия» фестивалі Италия, Франция, Қытай, Моңғолия, Ресей және Қазақстаннан келген өнерпаздарды біріктірген 30-дан астам шараны қамтыды. Қазақстандық әртістердің шетел сахналарындағы жетістіктері театрдың беделін арттыра түсті.

Атап айтқанда, жетекші солист Бақтияр Адамжан бірқатар халықаралық жобаларда өнер көрсетті, ал тенор Әлихан Зейнолла Италияда Россинидің «Күлбике» операсындағы Дон Рамиро партиясымен дебют жасады. Диас Құрманғазы Уфада өткен Рудольф Нуреев атындағы фестивальге қатысса, сопрано Лейла Аламанова Италияда сыншылардың жоғары бағасына ие болды. Сондай-ақ оркестр концертмейстері Бағдат Әбілханов та шетелде театр атын лайықты танытты.

Жас орындаушылардың жетістіктері де назардан тыс қалмады. Тенор Нұрсұлтан Әнуарбек іріктеудің бірнеше кезеңінен өтіп, Үлкен театрдың Жастар опера бағдарламасына қабылданды. Бұл жетістіктер «Астана Опера» әртістерінің халықаралық аренада сұранысқа ие әрі бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.

Опералия
Опералия

Театр гастрольдік қызметін де белсенді жалғастырды. Санкт-Петербургте өткен беделді Dance Open фестивалінде «Астана Опера» балет труппасы Ролан Петидің «Коппелиясын» ұсынып, еуропалық көрерменнің ықыласына бөленді. Сонымен қатар ел ішінде де мәдени байланыстар кеңейтіліп, Абайдың 180 жылдығына арналған кештер, Өзбекстан ұлттық балетінің гастрольдері және Румынияның әйгілі «Мадригал» хорының концерті өтті.

2025 жыл әлеуметтік және ағартушылық бастамалармен де ерекшеленді. Ерекше қажеттілігі бар балалардың қатысуымен өткен қайырымдылық концерті, Жеңістің 80 жылдығына арналған ардагерлерге құрмет шаралары, сондай-ақ өңірлерге жасалған гастрольдер театрдың қоғамдық миссиясын айқындай түсті. ERG компаниясының қолдауымен Ақтөбе, Хромтау, Рудный және Павлодар қалаларында өткен қойылымдарды мыңдаған көрермен тамашалады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.