Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Биометрия және айыппұлдар: Қазақстанның цифрлық қауіпсіздік саясаты қалай өзгерді

Биометрия және айыппұлдар: Қазақстанның цифрлық қауіпсіздік саясаты қалай өзгерді

Цифрлық кодекс, eGov Mobile және жаңа талаптар деректер қауіпсіздігін күшейтеді

QazMonitor Logo
Руслан Пряников
Руслан Пряников

28 қаңтарда әлемде Дербес деректерді қорғаудың халықаралық күні аталып өтеді. Цифрландыру қарқыны артқан кезеңде бұл тақырып Қазақстан үшін де стратегиялық маңызға ие. Елде дербес деректерді қорғау цифрлық даму мен киберқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды, деп хабарлайды QazMonitor.

Соңғы жылдары Қазақстанда дербес деректерді қорғауға қатысты нормативтік-құқықтық база айтарлықтай жаңартылды. Атап айтқанда, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңға автоматтандырылған өңдеуді реттейтін нормалар енгізіліп, азаматтардың дербес деректерін өңдеуге келісім беру және оны кері қайтарып алу тәртібі нақтыланды.

Цифрлық кодекс: деректердің жаңа құқықтық мәртебесі

2026 жылғы 9 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі цифрлық қатынастарды реттеудің бірыңғай қағидаттарын бекітті. Құжат дербес және иесіздендірілген деректердің құқықтық мәртебесін айқындап, олардың айналымы, қорғалуы мен пайдаланылуына жүйелі тәсіл қалыптастыруды көздейді. Бұл бизнес пен мемлекеттік органдар үшін деректермен жұмыс істеудің ортақ ережесін орнатады.

Биометрия және ірі операторларға жаңа талаптар

2025 жылғы желтоқсанда дербес деректерді қорғау жөніндегі қағидалар жаңартылды. Қолжетімділігі шектеулі дербес деректердің 100 мыңнан астам жазбасын өңдейтін операторлар үшін пайдаланушыларды сәйкестендіру және аутентификациялау бойынша қосымша талаптар енгізілді. Олардың ішінде биометриялық аутентификацияны қолдану нормасы бар. Бұл шаралар деректерге рұқсатсыз қол жеткізу тәуекелін төмендетуге бағытталған.

eGov Mobile: деректерге қолжетімділікті азаматтың өзі бақылайды

Дербес деректерді өңдеудің ашықтығын арттыру үшін eGov Mobile платформасында мемлекеттік бақылау сервисі іске қосылған. Сервис азаматтарға мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі өз деректеріне қолжетімділікке келісім беруге немесе оны кері қайтарып алуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда платформа ай сайын 40 млн-нан астам сұрауды өңдейді.

Айыппұлдар өсті, басшылардың жауапкершілігі күшейді

Дербес деректер туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік те қатаңдатылды. Айыппұл көлемі 30-дан 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар ұйым басшыларының жеке жауапкершілігі енгізіліп, бұл салада тұрақты мемлекеттік бақылау жүзеге асырылып отыр.

Сарапшылар азаматтарға дербес деректерін ұсыну кезінде жауапкершілік танытып, мемлекеттік бақылау құралдарын белсенді пайдалануға және цифрлық қауіпсіздіктің базалық талаптарын сақтауға кеңес береді.

Дербес деректерді қорғау – мемлекет, бизнес және қоғам үшін ортақ міндет. Заңнаманы жүйелі дамыту, заманауи технологияларды енгізу және талаптарды сақтау Қазақстанның цифрлық кеңістігінде сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі болып отыр.

Дербес деректерге не жатады?

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, дербес деректер – белгілі бір жеке тұлғаны тікелей немесе жанама түрде анықтауға мүмкіндік беретін кез келген ақпарат.

Оларға келесі ақпараттар жатады:

Жеке сәйкестендіру деректері

• Тегі, аты, әкесінің аты

• ЖСН

• Туған күні мен жері

• Жеке куәлік, паспорт деректері

Байланыс және тұрғылықты деректер

• Мекенжай

• Телефон нөмірі

• Электронды пошта

Цифрлық және биометриялық деректер

• Фото, бейне, дауыс жазбалары

• Саусақ ізі, бет-әлпетті тану деректері

• Электронды қолтаңба

Әлеуметтік және қаржылық ақпарат

• Банк шоты мен карта деректері

• Жұмыс орны, лауазымы

• Білім, әлеуметтік мәртебе туралы мәліметтер

Онлайн-деректер

• IP-мекенжай

• Геолокация

• Қосымшалар мен сервистердегі пайдаланушы әрекеттері.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.