Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Қала тазалығын ЖИ бақылайды: Қазақстанда «Taza Qala» платформасы іске қосылды

Қала тазалығын ЖИ бақылайды: Қазақстанда «Taza Qala» платформасы іске қосылды

Платформа заңсыз қоқыс полигондарын анықтап, мердігерлердің жұмысын ашық көрсетуге көмектеседі

QazMonitor Logo
gov.kz
gov.kz

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) ғалымдары урбанистика мен экологиялық мониторингті оңтайландыратын «Taza Qala» цифрлық платформасын әзірледі. Бұл ІТ-шешім қала тазалығына қатысты мәселелерді жүйелеп, мемлекеттік органдар мен мердігер мекемелердің өзара әрекеттесуін автоматтандыруға бағытталған, деп хабарлайды QazMonitor.

Жобаның авторы - Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің 2-курс магистранты Нұрлыхан Қалжанов. Жүйенің басты ерекшелігі - жасанды интеллект (AI) алгоритмдерін қолдануында.

Қала тұрғыны заңсыз қоқыс орнын суретке түсіріп, платформаға жүктейді. Жасанды интеллект қоқыстың көлемі мен түрін автоматты түрде анықтап, деректерді тиісті қоқыс жинаушы компанияға жолдайды. Бұл мәліметтер табиғатты қорғау прокуратурасы мен әкімдік мамандары үшін қолжетімді болады.

«Қоқыс жинау жұмыстары аяқталғаннан кейін компания атқарылған жұмыс жөніндегі есепті платформаға енгізеді. Кейін қалалық табиғатты қорғау прокуратурасы мен әкімшілік мамандары тиісті тексеріс жүргізе алады», дейді жоба авторы.

Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің деканы Тимур Иманқұловтың айтуынша, бұл жоба Президенттің «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына қосылған нақты үлес.

«Мұндай платформа Қазақстанда алғаш рет іске асырылып отыр. Алдағы уақытта жобаны еліміздің барлық өңірін қамтитындай кеңейту жоспарланған. Қазіргі таңда платформа толыққанды жұмыс істеп тұр», деді декан.

Платформаға кез келген браузер немесе арнайы QR-код арқылы кіруге болады. Әзірлеушілер тобы жақын арада сервистің функционалын кеңейтіп, Android және iOS жүйелеріне арналған мобильді қосымшаны шығаруды көздеп отыр.

Жоба қалалық әкімдік тарапынан қолдау тауып, қазіргі таңда муниципалды қызметтердің жұмыс алгоритміне интеграциялану мәселесі пысықталып жатыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.