Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Қазақстан Дубайда өткен саммитте жаһандық AI-хаб құру позициясын ұсынды

Қазақстан Дубайда өткен саммитте жаһандық AI-хаб құру позициясын ұсынды

Ел энергетикалық әлеуетті тікелей есептеу қуатына айналдыру моделін таныстырды

QazMonitor Logo
Qazaqstan Monitor: Қазақстан Дубайда өткен саммитте жаһандық AI-хаб құру позициясын ұсынды

Қазақстан World Government Summit 2026 саммитінде елді есептеу қуаты мен деректерді өңдеудің жаһандық хабына айналдыру жөніндегі стратегиялық бастамасын таныстырды. Саммитке қазақстандық делегация Президенттің тапсырмасымен Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің басшылығымен қатысты, деп хабарлайды QazMonitor.

Саммит аясындағы негізгі фокус – жоғары өнімді дата-орталықтар мен AI-фабрикаларды Қазақстан аумағында орналастыру болды. Делегация Қазақстанды энергия ресурстары есептеу қуатына тікелей конвертацияланатын алаң ретінде ұсынды. Бұл – дәстүрлі дата-орталық моделінен айырмашылығы бар жаңа тәсіл.

Эксклюзив келіссөздердің бірі G42 холдингінің басшысы шейх Тахнун бин Заед Әл Нахайянмен өтті. Кездесуде Қазақстанда деректерді сақтау және өңдеу инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты қадамдар талқыланды. Шейх Тахнун – жаһандық AI күн тәртібін айқындайтын негізгі тұлғалардың бірі және миллиардтаған инвестиция салынған халықаралық AI-инфрақұрылым жобаларының архитекторларының қатарында.

Тағы бір стратегиялық кездесу БАӘ-нің энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейль Әл-Мазруимен өтті. Тараптар төмен көміртекті, энергия үнемдейтін дата-орталықтар құру мәселесін талқылады. Бұл модель Қазақстан үшін таза энергияға негізделген есептеу қуатын экспорттау мүмкіндігін ашады.

Саммиттің маңызды нәтижелерінің бірі – Қазақстан мен БАӘ Үкіметтері арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы. Құжат цифрлық және AI-күн тәртібін үйлестіруге бағытталған. Сонымен қатар Қазақстан БАӘ-нің AI істері жөніндегі министрі Омар Сұлтан Әл Оламамен және сыртқы сауда министрі Тани бин Ахмед Әл-Зеюдимен келіссөздер өткізді.

Бизнес трек аясында Қазақстан NVIDIA, BlackRock, Oracle, Masdar, Gulf Data Hub, MGX сынды әлемдік ойыншылармен келіссөздер жүргізді. Негізгі тақырыптар – күрделі нейрожелілерді оқыту инфрақұрылымы, энергия тиімді дата-орталықтар және капитал тарту туралы болды.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.