Марафон қорытындысы бойынша қатысушылар 5 күн ішінде әрі қарай дамытуға дайын 34 MVP деңгейіндегі ойын жобасын ұсынды, деп хабарлайды QazMonitor.
2026 жылы Қазақстан Global Game Jam қозғалысына ресми түрде қосылды. Биыл қатысушылар әлемдік «Маска» тақырыбымен қатар, ел ішінде қосымша «Ережені өзгерту» бағыты бойынша да жұмыс істеді. Іс-шара гибрид форматта өтті: негізгі алаң – Astana Hub, ал өңірлік командалар онлайн қосылды.
Марафонға 214 адам қатысып, 99 команда құрылды. Оның ішінде 34 команда финалға шықты. Жоба Қазақстанның 14 қаласын және Ресей, Аргентина, Филиппин, Польша, Қырғызстанды қамтыды. Қатысушылар жасы 12-ден 51 жасқа дейін болды.
«Бес күннің ішінде қатысушылар тек прототип жасап қана қоймай, өзара серіктес тауып, идеяларын сынап, кәсіби бағыттарын айқындайды. Көзделген мақсат – Алматы, Ақтау немесе Павлодардағы таланттың да елордадағыдай мүмкіндікке ие болуы. Global Game Jam 2026 – Қазақстанды креативті өндіріс орталығына айналдыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі», деді GCA жетекшісі Малика Игибаева.
Жалпы жүлде қоры 900 мың теңгені құрады. Қазылар шешімімен бас жүлдені – 300 мың теңгені Астананың Square Team командасы Bascule жобасымен жеңіп алды. Екінші орын (180 мың теңге) – Majestic Amadei командасының Mask Huntress ойынына, үшінші орын (120 мың теңге) – «Шелли Фа» командасының The Soul of the Mask жобасына берілді.