Былтыр ашылған хаб 140 шаршы метр аумақта орналасқан. Экожүйеде 20-дан астам белсенді стартап бар, ал 13 компания Astana Hub-тың ресми резиденті атанған, деп хабарлайды QazMonitor.
Онда резиденттерге арналған жұмыс орындары, коворкинг аймағы және кездесулер залы бар. Аз уақыт ішінде 1500-ден астам қатысушыны қамтыған 80-нен астам іс-шара өткізілді.
Хаб аясында жастар мен мектеп оқушыларымен жұмысқа басымдық берілуде. AI Hackathon және School Hackathon нәтижесінде кадрлық резерв қалыптастырылып, технологиялық кәсіпкерлік дағдылары дамытылуда. Сонымен қатар Startup Orda инкубациялық бағдарламасы жүзеге асырылып, 40 өтінімнің ішінен 12 жоба Demo Day финалына шыққан.
Өңір басшысы алаңды кеңейту қажеттігін атап өтті. Биыл хаб аумағын 800 шаршы метрге дейін ұлғайтып, конференц-залдар, қосымша коворкинг алаңдары, IT-мектеп және AI-зертханалар ашу жоспарланып отыр. Биыл республикалық және төрт облыстық хакатон өткізу, AI бағдарламалары мен буткемптерді іске қосу, жасанды интеллект форумын ұйымдастыру, тұрақты Pitch Day форматтарын енгізу және инкубациялық бағдарламаларды кеңейту көзделген.
Айта кетейік, өңірлік стартап жобалары қатарында Involve Eco System (инклюзияға арналған қызметтер экожүйесі), Math LAB (математикаға арналған ойын қосымшасы), Zeyin App (репетиторлар платформасы), Medora (ауру белгілерін талдайтын AI-платформа), Mugalim Pipe (педагогикалық құзыреттерді дамыту сервисі) және Falmas Garden Track (AI негізіндегі агротех шешім) бар.