Абай облысында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды QazMonitor облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Семей қаласында «Ақылды қала» (Smart City) жобасы аясында жастарды бағдарламалау, робототехника және цифрлық кәсіпкерлікке оқыту жүргізілуде. Денсаулық сақтау саласында «Цифрлық емхана» мен электрондық кезек жүйесі енгізілген. Ал білім беру ұйымдарында «Цифрлық мектеп», электрондық журнал мен күнделік, сондай-ақ «Мектеп асханасы» жобалары кеңінен қолданылып келеді.
Ауыл шаруашылығы саласында да цифрлық шешімдер енгізілуде. Жер және мал шаруашылығын басқаруға арналған платформалар іске қосылып, фермерлерге онлайн қызметтер ұсынылуда.
Өңірде жастардың ІТ саласына қызығушылығы да артып келеді. Соңғы жылдары хакатондар мен стартап байқауларына қатысушылар саны көбейген.
2025 жылдан бастап жасанды интеллект бойынша оқыту бағдарламалары аудан орталықтарын да қамти бастады. Alikhan Bokeikhan University базасында ASSYLTAS қоғамдық қорының бастамасымен «Assyl AI» жобасы іске асырылып, жастарды жасанды интеллект технологияларымен жұмыс істеуге үйрету қолға алынған.
Робототехника саласында да оң нәтижелер бар. RO-ALEMI робототехника орталығының тәрбиеленушілері халықаралық жарыстарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Ал инновациялық жобаларды қолдау мақсатында Семей қаласының әкімдігі GovTech байқауын ұйымдастырып, жалпы бюджеті 30 млн теңге көлемінде стартаптарға грант бөлді.
Биылғы жылға арналған жоспарға сәйкес облыстағы IT-резиденттер санын 100-ден асырып, 50-ден астам жаңа IT жұмыс орнын құру көзделген. Сонымен қатар «Ақылды қала» бағдарламасы аясында бағдарламалау мектептерін дамыту, «109» қызметі, «ақылды» жарықтандыру, контейнерлік алаңдарды цифрландыру, бейнебақылау және жол қауіпсіздігі жүйелерін жетілдіру жобалары жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ Абай облысының 2026–2030 жылдарға арналған «Ақылды қалаларды дамыту» стратегиясы бекітілді. Жол картасы Семей қаласында 13 жобаны, ал аудан орталықтарында 7 жобаны қамтиды.
Өңірде білім беру және инновация саласында да жаңа бастамалар жоспарланған. Атап айтқанда, «Tomorrow School» білім беру жобасын ашу көзделуде. Сонымен қатар стартап экожүйесін дамыту мақсатында «Semy-Hub» өңірлік хабын құру жұмыстары жүргізілуде.
«Президенттің Жолдауда белгілеген міндеттерін жүзеге асыру еліміздің бәсеке қабілеттілігін арттырып, экономиканың барлық саласын жаңғыртуға ықпал ететіні сөзсіз. Жалпыұлттық жоспарға сәйкес ауыл шаруашылық, жер, қаржы, өнеркәсіп, сауда, көлік-логистика, құрылыс, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, білім және табиғи ресурстарды пайдалану салаларында жасанды интеллектіні енгізуіміз қажет», – деді Абай облысының әкімі Берік Уәли.