БҰҰ Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (БҰҰ АзТМЭӘК) 82-ші сессиясы аясында Бангкокта 52 мүше мемлекеттің консенсусымен Алматы қаласында Тұрақты даму үшін цифрлық шешімдер жөніндегі Азия-Тынық мұхиты орталығын құру туралы қарар қабылданды, деп хабарлайды QazMonitor.
Жаңа БҰҰ институтының Қазақстанда құрылуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған цифрландыру және жасанды интеллект жылымен тұспа-тұс келіп отыр.
Орталық БҰҰ АзТМЭӘК-ның алтыншы институционалдық құрылымы болады және өңір елдерінің мемлекеттік және қоғамдық қызметтердегі үздік цифрлық шешімдерін анықтау мен таратуға бағытталады.
БҰҰ АзТМЭӘК жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Марғұлан Баймұхан бұл шешім бес жылдан астам жүргізілген көпжақты келіссөздердің нәтижесі екенін атап өтті. Осы кезеңде бірқатар шолу зерттеулері жүргізіліп, БҰҰ-ның бірнеше сессияларында кезең-кезеңімен қарарлар қабылданған.
Форматы бойынша орталық өңірдегі ең ірі БҰҰ институттарының біріне айналып, 130 адамға дейін қызмет атқара алады. Ол Алматыдағы UN Plaza ғимаратында орналастырылады.
Жаңа орталық цифрлық алшақтықты қысқартуға ықпал етіп, әсіресе ең аз дамыған және шағын аралдық мемлекеттерді қолдауға басымдық береді. Сонымен қатар цифрлық шешімдер мен тәжірибе алмасудың халықаралық алаңына айналады.
Қазақстан үшін бұл бастама цифрлық технологиялар мен халықаралық сараптаманы тартуға, Алматының өңірлік цифрлық хаб ретіндегі рөлін күшейтуге және елдің IT саласындағы экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.