Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Қазақстанда ірі дата-орталық салу жоспарлануда

Қазақстанда ірі дата-орталық салу жоспарлануда

Жобаға 3 млрд долларға дейін инвестиция тартылып, қуаттылығы 200 МВт-қа жететін ДӨО іске қосылуы мүмкін

QazMonitor Logo
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

GITEX AI халықаралық технологиялық форумы аясында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Dornan Engineering Group пен Ample Solutions Hong Kong (Turner Company) компанияларынан құралған халықаралық консорциуммен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды QazMonitor.

Құжат аясында Қазақстанда Tier III-Tier IV деңгейіндегі жоғары сенімді деректерді өңдеу орталығын (ДӨО) салу жобасы жүзеге асырылады. Нысанның жоспарлы қуаттылығы 50-ден 200 МВт-қа дейін жетеді. Ал қуаттылығы 200 МВт болатын (Tier IV деңгейі) дата-орталық құрылысына тартылатын инвестиция көлемі 1,5-тен 3 млрд АҚШ долларына дейін бағаланып отыр.

Жобаны тұрақты энергиямен қамтамасыз ету үшін қуаттылығы 250 МВт-қа дейінгі газ электр станциясын салу көзделген. Бұл бағыттағы инвестиция көлемі 200-400 млн АҚШ долларын құрайды.

Қазіргі уақытта нысанның нақты орналасатын жері анықталуда. Басымдық газ инфрақұрылымына жақын аймақтарға беріліп отыр, бұл энергия өндіру тиімділігін арттырып, дата-орталықтың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Қазақстанның географиялық орналасуы, салыстырмалы түрде салқын климаты және электр энергиясының қолжетімділігі халықаралық деректерді өңдеу орталықтарын орналастыруға қолайлы жағдай жасайды», – деді Жаслан Мәдиев.

Жоба жүзеге асқан жағдайда еліміздің цифрлық инфрақұрылымы дамып, шетелдік инвестициялар тартылып, Қазақстанның өңірлік технологиялық хаб ретіндегі рөлі күшейе түседі.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.