Бас прокуратура қылмысты болжау мен тергеуге AI технологияларын енгізіп жатыр, деп хабарлайды QazMonitor.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті базасында Қылмыстық қауіптерді болжау орталығы жұмыс істейді. Орталық үлкен деректерді, ведомствоаралық ақпарат алмасуды және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, сыртқы және ішкі қауіптердің алдын алу бойынша мемлекеттік органдарға 192 ақпараттық хат жолдаған.
Сонымен қатар орталықтың жұмысы аясында 38 алаяқтық интернет-ресурс бұғатталған. Азаматтарды интернет-алаяқтықтан қорғау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы 16 ескерту жарияланған.
Бас прокуратура мәліметінше, қазіргі таңда медиакеңістікті бақылау, интернет-алаяқтықтарды анықтау, «e-Өтініш» жүйесіндегі азаматтардың шағымдарын талдау, сондай-ақ көшедегі және қайталама қылмысты болжау бағыттарында арнайы цифрлық жүйелер енгізілген.
Бұдан бөлек, Бас прокуратура Ішкі істер министрлігімен бірлесіп қылмыстық істерді тергеуге арналған жасанды интеллект жобасын іске асырып жатыр. Пилоттық жоба Астана қаласы мен Ақмола облысындағы бірнеше полиция бөлімшесінде сынақтан өтуде.
Жоба аясында тергеуді жоспарлау, жауап алу хаттамаларын транскрипциялау және талдау, сондай-ақ процестік құжаттарды автоматты түрде дайындау модульдері іске қосылған.
Ведомствоның дерегіне сәйкес, «Цифрлық көмекші» жүйесі арқылы қазірдің өзінде 231 тергеу жоспары, 72 жауап алу хаттамасы, 65 айыптау актісі және қылмысты саралау бойынша 15 қаулы дайындалған.