Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Астанада Apple Store форматына ұқсас Smart Point цифрлық кеңсесі ашылды

Астанада Apple Store форматына ұқсас Smart Point цифрлық кеңсесі ашылды

Жаңа орталықта мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алу және жасанды интеллект негізіндегі сервистер қолжетімді

QazMonitor Logo
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Астанада Apple Store қағидатына негізделген жаңа буындағы цифрлық кеңсе – Smart Point ашылды. Жаңа форматтағы кеңседе мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алу қағидаты басымдыққа ие, деп хабарлайды QazMonitor.

Бұл кеңседе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері азаматтарға цифрлық сервистерді пайдалану бойынша кеңес беріп, қажетті қызметтерді рәсімдеуге бағыт-бағдар көрсетеді.

Бүгін жаңа кеңсенің жұмысымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев танысты. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев министрге Smart Point тұжырымдамасын және кеңсенің функционалдық аймақтарын таныстырды.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік қызметтерді цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологиялары негізінде көрсетудің жаңа моделін дамыту маңызды.

«Мемлекеттік қызметтерді цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологиялары негізінде көрсетудің жаңа моделін қалыптастыру маңызды. Smart Point сияқты форматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жаңа деңгейге көтереді. Бүгінгі таңда осы үлгіні кеңінен енгізу – басты міндеттердің бірі. Себебі бұл азаматтар мен бизнес үшін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға тікелей ықпал етеді», – деді Жаслан Мәдиев.

Smart Point кеңсесінде азаматтар мемлекеттік қызметтерді онлайн рәсімдеуге арналған компьютерлерді пайдалана алады. Сонымен қатар диалог форматында жұмыс істейтін eGovGPT көпагентті жасанды интеллект платформасы қажетті қызметті анықтап, оны рәсімдеуге көмектеседі.

Бұдан бөлек, құжаттандыру терминалы арқылы жеке куәлік немесе паспорт алуға өтініш беруге болады. Кеңседе цифрлық сервистерді пайдалануға үйрететін оқу сыныбы, жайлы күту аймағы және тәулік бойы жұмыс істейтін құжат беру аймағы қарастырылған.

«Smart Point – халыққа қызмет көрсетудің заманауи форматтарын дамытуға бағытталған жүйелі жұмысымыздың бір бөлігі. Біздің мақсатымыз – цифрлық технологияларды мемлекеттік қызметтерді алудың табиғи әрі қолайлы тетігіне айналдыру. Сондықтан азаматтардың жайлылығы мен қолжетімділігін басты орынға қоятын осындай кеңістіктерді дамытуды жалғастырамыз», – деді Арман Кенжеғалиев.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.