Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Қазақстанда аэротаксиді енгізуге тағы бір қадам жасалды

Қазақстанда аэротаксиді енгізуге тағы бір қадам жасалды

Астанада алғаш рет eVTOL электрлі әуе кемесінің көрсетілімдік ұшуы өтті

QazMonitor Logo
Фото: ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
Фото: ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Астанада алғаш рет аэротаксидің көрсетілімдік ұшуы өтті. eVTOL (electric Vertical Take-Off and Landing) санатындағы тік ұшып көтеріліп, тік қонатын электрлі әуе кемесі елорда аспанына көтерілді, деп хабарлайды QazMonitor жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрсетілімдік ұшу 24 шілдеде «Қазанат» ипподромының аумағында өтіп, Қазақстанда қалалық әуе ұтқырлығын (Urban Air Mobility, UAM) дамыту жобасының кезекті кезеңіне айналды.

Ұшуды қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) компаниясы Қытайдың AutoFlight өндірушісімен бірлесіп ұйымдастырды. Көрсетілімде бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған AutoFlight Prosperity аппараты пайдаланылды. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 200 шақырымды, ал ұшу қашықтығы 200 шақырымды құрайды.

Қауіпсіздік талаптарына сәйкес аппарат бұл жолы жолаушыларсыз ұшты. Министрлік мұндай формат жаңа авиациялық техниканы алғаш рет таныстыру кезінде халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатынын атап өтті.

Жоба авторларының айтуынша, Қазақстанда тек аэротаксиді сынақтан өткізу емес, қалалық әуе көлігінің толыққанды экожүйесін қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл бағытта заңнамалық өзгерістер қабылданып, вертипорттар мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде.

2026 жылғы 24 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заң аясында Қазақстанда алғаш рет eVTOL әуе кемелерінің, вертипорттардың және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйесінің құқықтық мәртебесі айқындалды.

Сонымен қатар Алатау қаласы қалалық әуе ұтқырлығын дамытуға арналған негізгі алаңдардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Мұнда өңірдегі алғашқы UAM Center Eurasia орталығы құрылуда. Жоба аясында вертипорттар желісін салу, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және жаңа көлік түрін коммерциялық пайдалануға дайындау жоспарланған.

Бұған дейін Үкімет 2028 жылға дейін Қазақстанда алты вертипорт салуды жоспарлап отырғанын хабарлаған болатын. Ал аэротакси қызметін Алатау қаласында 2029 жылға қарай іске қосу көзделіп отыр.

Көрсетілімдік ұшудан кейін AutoFlight Prosperity аппараты 29–30 шілде күндері Астанадағы «Барыс Арена» алдында өтетін «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің ашық экспозициясына қойылады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.