Балқаштың жас тұрғындары Ринат Қуанышұлы мен Ерсұлтан Төкен Балқаш өңіріндегі демалыс орындарын, сондай-ақ пәтерлер мен жеке үйлерді жалға беру жөніндегі ұсыныстарды бір арнаға тоғыстырған rentbalkhash.kz онлайн-платформасын әзірледі. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа сервистің басты артықшылығы – қарапайым әрі ыңғайлы интерфейсі. Демалысқа қажетті барлық ақпарат бір платформада жинақталған. Енді пайдаланушыларға қолайлы орын іздеп, бірнеше сайтты ақтарудың қажеті жоқ. Платформаға кіріп, ұсыныстарды салыстырып, тұру шарттарымен танысып, өзіне лайықты нұсқаны оңай таңдауға болады. Бұл отбасылық немесе достармен бірге ұйымдастырылатын демалысты жоспарлауды әлдеқайда жеңіл әрі тиімді етеді.
Платформа компьютерлерде де, смартфондарда да бірдей тиімді жұмыс істейді. Соның арқасында пайдаланушылар демалысқа қолайлы орынды кез келген уақытта жылдам тауып, қажетті ақпаратқа еш қиындықсыз қол жеткізе алады.
Іске қосылғанына бірнеше ай ғана болғанына қарамастан, rentbalkhash.kz Балқашқа сапар жоспарлаған туристер арасында кеңінен сұранысқа ие бола бастады. Жоба авторлары сервисті одан әрі жетілдіруді жалғастырып, демалыс орындарының дерекқорын кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктер енгізуді жоспарлап отыр. Негізгі мақсат – Балқаштағы демалысты ұйымдастыруды барынша ыңғайлы, заманауи әрі қолжетімді ету.