Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Қазақстан кәсіпорындары өндірісті жасанды интеллект арқылы оңтайландырып жатыр
  1. Жаңалықтар
  2. Диджитал
Astana, Kazakhstan • 12 желтоқсан, 2025 | 11:59
2 минут - оқу уақыты

Қазақстан кәсіпорындары өндірісті жасанды интеллект арқылы оңтайландырып жатыр

Жаңа жүйелер деректерді талдауды жеделдетіп, автономды техниканың қолданылуын кеңейтеді

QazMonitor Logo
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің ірі кәсіпорындарында жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі 2025-2026 жылдарға арналған Жол картасы аясында ауқымды цифрландыру жобалары жүзеге асып келеді. Еуразиялық топ (ERG) осы бағытта өндіріс пен басқару процестеріне ЖИ технологияларын кеңінен енгізуде.

Компания Generative AI моделін қолдану арқылы өндірістік деректерді жылдам талдап, процестер туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде алу мүмкіндігін кеңейтті. Осы мақсатта ERG корпоративтік деректерде жұмыс істейтін First AI-Republic ERG (FAIR) деп аталатын жабық экожүйе құрды. FAIR платформасында өндірістік және әкімшілік процестерді жеңілдетуге арналған ондаған цифрлық көмекші әзірленді.

Өндірісте қолданылып жатқан маңызды құралдардың бірі – MES Alina. Бұл жүйе технологиялық процестерді басқару жүйелерінен жиналған деректерді талдап, өндіріс барысын бақылауға көмектеседі. Қазіргі уақытта ол «Қазхром», Ақтөбе ферроқорытпа зауыты және «ССКӨБ» кәсіпорындарында жұмыс істейді.

Компания сондай-ақ қауіпсіздік аудиттерін автоматты талдайтын, сатып алуда баға іздеу процесін толықтай автоматтандыратын жасанды интеллект құралдарын іске қосты. ЖИ жылына 200 мыңға жуық тауар позициясының бағасын өздігінен салыстырады.

2024-2027 жылдарға арналған цифрландыру стратегиясы өндірістік процестерді роботтандыру, құжаттарды цифрландыру, деректерді нақты уақыт режимінде өңдеу және қызметкерлер жұмысын оңтайландыруға бағытталған. Бүгінде компания деректердің 80 пайызын онлайн режимде жинайды, ал Qollab мобильді қосымшасын күніне 60 мыңнан астам қызметкер пайдаланады.

Өндірісті жедел басқаруға арналған MES ERG жүйесі бірнеше кәсіпорында енгізілді, тағы бірқатар нысанда ендіру жұмыстары жалғасып жатыр. «ССКӨБ» кәсіпорнында жүйені іске қосу биыл жоспарланған.

Автономды техника да белсенді енгізілуде. «Восточный» кенішіндегі жүргізушісіз самосвалдар бір жыл ішінде 3,45 млн тонна жүк тасып, 29 мың рейс орындады. Сонымен қатар Ақсу ферроқорытпа зауытына қашықтан басқарылатын техника әзірленуде, ал Еуразиялық энергетикалық корпорация автономды дрондар енгізуді бастайды.

Жол картасындағы маңызды бағыттардың бірі – қауіпсіздікке жауап беретін «машиналық көру» технологиясы. «Антисон» жүйесі жүргізушінің шаршауын, алаңдауын немесе қауіпті әрекеттерін анықтап, бірден ескерту береді. Жыл соңына дейін шамамен 400 техника осындай жүйемен жабдықталмақ.

Дөң кен байыту комбинатында машиналық көру жүйесі конвейер таспасындағы қызып кетуді алдын ала анықтауға мүмкіндік беріп, тоқтап қалу уақытын 75 пайызға қысқартты.

Цифрлық жобалардың барлығы ERG компаниясының Business & Technology Services (BTS) IT-командасы арқылы әзірленеді. Соңғы бес жылда компания цифрландыруға $100 млн-нан астам инвестиция салды.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.