Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Мемлекет басшысының ресми сапары, сондай-ақ «Орталық Азия + Жапония» диалогы саммиті аясында Токиодағы Mitsubishi Corporation компаниясының штаб-пәтерінде компания өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесуге Mitsubishi Corporation тарапынан компанияның Түркия, Орталық Азия және Кавказ өңірлері бойынша өңірлік өкілі Ясунори Сакамото, Стамбулдағы бас филиалдың жаңа бизнес бағыттарын дамыту бөлімінің бас менеджерінің орынбасары Кенто Оно, сондай-ақ Алматыдағы офисінің бас менеджері Такамаса Яно қатысты.
Тараптар Қазақстан мен Mitsubishi Corporation арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылап, елдің әлеуметтік-экономикалық және технологиялық дамудағы стратегиялық басымдықтарын ескере отырып, серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.
Кездесу барысында экономиканы цифрлық трансформациялау, жасанды интеллектіні дамыту, заманауи цифрлық және телекоммуникациялық инфрақұрылымды қалыптастыру, сондай-ақ негізгі салаларда AI-driven бизнес шешімдерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, тараптар жасанды интеллект экожүйесін және бағдарламалық шешімдерді дамыту, цифрлық инфрақұрылым мен телекоммуникациялар, оның ішінде 5G технологиялары, ақылды әрі орнықты қалаларды дамыту, цифрлық энергетикалық шешімдер мен декарбонизация, сондай-ақ Қазақстан аумағында деректер орталықтары мен есептеу инфрақұрылымын құру және дамыту бағыттарындағы ынтымақтастық әлеуетін талқылады.
Сонымен қатар бірлескен жобаларды іске асыру, технологияларды локализациялау және Қазақстанның цифрлық және индустриялық инфрақұрылымына инвестиция тарту мүмкіндіктері жеке пысықталды.
Жаслан Мәдиев Mitsubishi Corporation-ді кешенді технологиялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда мол тәжірибесі бар жаһандық компания ретінде атап өтіп, Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестікті дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша Mitsubishi Corporation өкілдері өңірдегі цифрлық трансформация, жасанды интеллект және инновациялық даму мәселелері талқыланатын негізгі халықаралық алаңдардың бірі — Digital Bridge халықаралық цифрлық форумына қатысуға шақырылды.
Тараптар диалогты жалғастыруға және алдағы байланыстар аясында ынтымақтастықтың нақты бағыттарын бірлесіп айқындауға дайын екендерін білдірді.
Дереккөз: Цифрлық даму министрлігі