Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. ШҚО-да өңірді басқарудың цифрлық орталығы іске қосылады

ШҚО-да өңірді басқарудың цифрлық орталығы іске қосылады

Платформа коммуналдық қызмет, экология мен қауіпсіздік деректерін бір жүйеге біріктіреді

QazMonitor Logo
gov.kz
gov.kz

Шығыс Қазақстан облысында өңірлік процестерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін Аймақтық талдау орталығының (АТО) жұмысы жолға қойылмақ. Жаңа цифрлық шешім ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановқа таныстырылды.

Платформа өңірдегі негізгі тәуекелдер мен проблемалық аймақтарды жедел анықтап, мемлекеттік органдарға уақтылы шешім қабылдауға жағдай жасайды.

Әкімдік мәліметінше, жүйе жылумен қамту, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, жол инфрақұрылымы, экология, су тасқыны қаупі, жол-көлік оқиғалары және төтенше жағдайлар бойынша деректерді бір орталыққа жинайды.

«Жылу көздеріне орнатылған датчиктер әр минут сайын температура, қысым, су шығыны және отын қоры туралы деректерді жіберіп отырады. Көрсеткіштер қалыпты деңгейден ауытқыса, жүйе бірден дабыл қағады», делінген облыстық әкімдік таратқан хабарламада.

Сонымен қатар әзірлеушілердің айтуынша, тәуекелдерді анықтай алатын және дауыстық режимде ақпарат ұсынатын жасанды интеллект негізіндегі ассистент іске қосылған. Қоқыс шығару мен қар тазалау қызметі де цифрлық бақылауға алынған. Арнайы жүйе техниканың қозғалысын, жұмыс уақыты мен орындалған қызмет көлемін тіркейді. Пилоттық кезеңде 50 қоқыс алаңына QR-код орнатылып, тұрғындарға заңбұзушылықтар туралы тікелей хабарлауға мүмкіндік берілді.

Бұған қоса, жүйе тәулік бойы экологиялық мониторинг жүргізеді. Өскеменде тұрғын және өндірістік аумақтарды қамтитын 25 автоматтандырылған ауа сапасын бақылау бекеті жұмыс істеп тұр. Ауа сапасы 13 параметр бойынша өлшеніп, ластану деңгейі нақты уақыт режимінде талданады.

АТО алаңында су тасқынына қатысты деректер, жол-көлік оқиғалары, қылмыстық ахуал, бейнебақылау жүйелері мен жедел қызметтердің ақпараты біріктіріледі. Өңірде гидробекеттерді автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп, жасанды интеллект су деңгейінің өзгерісін алдын ала болжап, қауіп туралы ескерту жасай алады.

Алдағы жылы облыста көпфункционалды ұшқышсыз ұшу аппараттары паркін іске қосу жоспарланып отыр. Дрондар жол-көлік оқиғаларын тіркеуге, 3D-модельдер жасауға, іздестіру-құтқару операцияларына, жылу желілерін және қолжетімсіз аумақтарды бақылауға пайдаланылмақ. Бұл дәстүрлі әуе мониторингімен салыстырғанда тиімді әрі үнемді шешім ретінде қарастырылып отыр.

«Енді АТО азаматтардың барлық өтініштерін 109 колл-орталығынан, әлеуметтік желілерден және онлайн платформалардан жинақтайды. Жүйе хабарламаларды өзі талдайды, қайталанатын өтініштерді анықтайды және ведомстволардың жай ғана «жауап беріп құтылуына» жол бермейді. Мақсат – әр өтініш тиісті мекемеге жетіп, нақты шара қабылдануы», деп атап өтті жүйені әзірлеушілер.

Аймақтық талдау орталығы өңірлік «деректер көлінің» негізгі элементі саналады. Қазірдің өзінде жүйеде бірнеше бағыт бойынша ЖИ-ассистенттер іске қосылған, ал алдағы уақытта олардың функционалы басқа салаларға да кеңейтіледі жеп көзделіп отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.