Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. Алматыда дронмен жеткізу тестіленеді: ұшқышсыз логистика пилоттық кезеңге өтеді

Алматыда дронмен жеткізу тестіленеді: ұшқышсыз логистика пилоттық кезеңге өтеді

Министрлік пен Freedom Lifestyle дрон курьерлерін қалалық ортада сынақтан өткізбек

QazMonitor Logo
freepik
freepik

Алматыда тауарларды дрон арқылы жеткізуге арналған пилоттық жоба іске қосылады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Freedom Lifestyle компаниясы ұшқышсыз жеткізу қызметін дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат қалалық логистиканы цифрландыру және жеткізудің балама форматтарын сынақтан өткізуге бағытталған.

Келісім аясында тараптар дрон арқылы жеткізудің пилоттық моделін іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба қалалық инфрақұрылымға жүктемені азайту, жеткізу уақытын қысқарту және тұрғындар үшін сервистің қолжетімділігін арттыру мақсатын көздейді. Бұл ретте қауіпсіздік талаптары мен қалалық ортаға бейімделу негізгі басымдық ретінде қарастырылған.

gov.kz
gov.kz

Freedom Lifestyle жобаны қаржыландыруға және ұйымдастыруға қатысып, ұшқышсыз жеткізу сервистерін өздерінің цифрлық экожүйесіне интеграциялауды жоспарлап отыр. Компания 2025 жылдың басынан бастап дрон операторларының командасын қалыптастырып, Freedom X R&D зертханасында ұшқышсыз жеткізу технологияларын сынақтан өткізіп келеді.

Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жобаға реттеуші орган ретінде қатысады. Министрлік қауіпсіздік стандарттарын сақтауды, жаңа технологияларды қалалық ортаға енгізуді үйлестіруді және пилоттық кезеңде түсінікті ережелерді қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

«Меморандумға қол қою мемлекеттің ұшқышсыз технологиялар мен заманауи логистикалық сервистерді дамытудағы жүйелі тәсілін көрсетеді. Пилоттық жобалар технологияларды нақты жағдайда сынауға, қажетті нормативтік шешімдерді пысықтауға және осындай қызмет түрін әрі қарай кеңейтуге мүмкіндік береді», деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов.

Freedom Lifestyle Group бас директоры Алексей Ли бұл бастаманың практикалық маңызын атап өтті.

«Бұл серіктестік ұшқышсыз технологияларды азаматтардың күнделікті өміріне енгізуге мүмкіндік береді, жеткізу процесін жылдам әрі тиімді етеді», деді ол.

Алматыдағы пилоттық кезеңде дрондар азық-түлік, күнделікті тұтыну тауарлары және дәрі-дәрмектерді жеткізуге пайдаланылады. Бір аппарат 3 шақырымға дейінгі радиуста, 10 килограмға дейінгі жүкті тасымалдай алады. Ұшулар тек күндізгі уақытта және қолайлы метеожағдайда жүзеге асырылады.

gov.kz
gov.kz

Жобаны 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында іске қосу жоспарланып отыр. Ұшу қауіпсіздігі, байланыс арналарының тұрақтылығы расталған сайын және тұрғындардың кері байланысы ескерілген жағдайда дрондар саны кезең-кезеңімен ұлғайтылмақ. Бұл шешім сервисті алдымен қалада, кейінірек ауылдық және шалғай өңірлерде қолдануға жол ашуы мүмкін.

Қазіргі уақытта жобаны іске асыруға қажетті инфрақұрылым дайын. Қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінген: штаттан тыс жағдайларда дрондарды автоматты түрде қайтару немесе қауіпсіз қондыру алгоритмдері қарастырылған. Әрбір аппарат парашюттік жүйемен жабдықталған және интернет байланысы үзілген жағдайда да автономды режимде ұша алады.

Тәуекелдерді азайту мақсатында жеткізу маршруттары негізінен жасыл аймақтар мен көше бойларымен өтеді. Операторлардың жұмысы авиациялық реттеушілермен келісілген талаптарға сәйкес жүргізіледі.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.