Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Диджитал
  3. ҚТЖ пойыздары мен «Эйр Астана» ұшақтарында спутниктік интернет пайда болады

ҚТЖ пойыздары мен «Эйр Астана» ұшақтарында спутниктік интернет пайда болады

Биыл Қазақстанға екі жаңа спутниктік оператор кіреді

QazMonitor Logo
gov.kz
gov.kz

Қазақстанда жақын арада жаңа спутниктік байланыс операторлары пайда болып, жоғары технологиялық өнімдердің экспорты жолға қойылмақ. Үкіметтің цифрлық күн тәртібіндегі басым бағыттары туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндады, деп хабарлайды QazMonitor.

Ведомство басшысы шалғай елді мекендерді интернетпен қамту, транзиттік әлеуетті арттыру және киберқауіпсіздік мәселелеріне тоқталды. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта елде үш спутниктік интернет операторы жұмыс істеп тұр. Ағымдағы жылы бұл тізім тағы екі шетелдік компаниямен толығады – биыл олардың пилоттық сынақтарын өткізу жоспарланған.

«Сондай-ақ, биыл спутниктік интернет «Қазақстан темір жолы»» пойыздары мен «Эйр Астана» ұшақтарында пайда бола бастайды. Байланыс жоқ жерлерде әкімдіктер жергілікті бюджет қаражаты есебінен туристік және жетуі қиын локацияларда спутниктік интернетті қамтамасыз етуі қажет», деді Мәдиев.

Министр өз сөзінде Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы интернет-трафик транзитіндегі рөлін нығайтуды көздеп отырғанын атап өтті. Осы мақсатта Каспий теңізінің түбімен Әзербайжанға дейін оптикалық кабель құрылысы басталды. Жоба жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Бүгінде елімізде әлемдік деңгейдегі деректерді өңдеу орталықтарының белсенді құрылысы байқалады. Ведомство басшысы олардың іркілістерге төзімділік деңгейі жоғары деп бағалайды. Солардың ішінде мемлекеттік органдарға арналған, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі тарапынан іске қосылған деректерді өңдеу орталығы бар.

«Сенімділіктің жоғары болуын ескере отырып, биылғы жылы орталық мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелерді жаңа деректерді өңдеу орталығына көшіруді қамтамасыз етуі тиіс. Министрлікке отандық спутниктерді шығаратын кешен тиесілі. Біз аталған кәсіпорынның қуаттылығын арттыру бойынша белсенді жұмысты бастадық. Таяу жылдары онда жерді қашықтықтан зондтауға арналған кемінде 5-6 спутник шығарылады, оның ішінде 75 млн доллар сомасына экспорт та бар. Бұл Қазақстан тарихында алғаш рет және бұл елдің ең технологиялық экспорты болып табылады», деп қосты министр.

Сонымен қатар ол былтыр жүргізілген тексерулер мемлекеттік ұйымдардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарын жиі бұзатынын көрсеткенін атап өтті. Бұл ретте ведомство басшысы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына ескерту жасады.

«Сіздер өздеріңізге тиесілі ақпараттық жүйелерден дербес деректердің сыртқа тарап кетуі үшін жеке жауапты боласыздар», деп қорытындылады Мәдиев.

Айта кетейік, елде киберқауіпсіздікті күшейту мақсатында қазірдің өзінде 1 миллионнан астам адам кибергигиена негіздеріне оқытылған.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.