Қазақстанда мемлекеттік органдардың өз бетінше IT-жүйелерді әзірлеуіне салынған тыйым күшіне енді. Енді барлық ресурстар бірыңғай QazTech платформасына жұмылдырылады, ал мемлекеттік қызметшілер қашықтан жұмыс істеу форматына көшуге дайындалып жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды, QazMonitor.
Оның айтуынша, мемлекеттік IT-секторда ірі орталықтандыру процесі басталды. Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, биылғы жылдан бастап QazTech платформасынан тыс кез келген жаңа жүйені әзірлеуге қатаң шектеу қойылды. Қазіргі уақытта орталық және өңірлік мемлекеттік органдар өздерінің ағымдағы шешімдерін осы платформаға көшіру үшін техникалық аудит жүргізіп жатыр. Бұл қадам киберқауіпсіздікті күшейтіп, бюджет қаражатын оңтайландыруға бағытталған.
Сонымен қатар бүгінде 14 миллион азамат eGov қызметтерін пайдаланады, ал қолжетімді онлайн-сервистердің үлесі 91%-ға жетті.
«Жаңартылған eGov Mobile мобильді қосымшасына AI-ассистент интеграцияланған, ал ағымдағы жылы порталдың архитектурасын QazTech платформасы негізінде толық қайта құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, мектептегі тамақтану және дәрі-дәрмек беру сияқты мемлекеттік көмек көрсетуді ашық әрі атаулы етуге мүмкіндік берген «Әлеуметтік әмиян» жобасы дамып келеді. Бұл құрал миллиардтаған бюджет қаражатын үнемдеп, өз тиімділігін дәлелдеді және жақын арада мемлекеттік қолдау шараларының тағы 10 түріне масштабталады», деді Жаслан Мәдиев.
Бұған қоса, министр бүгінде елімізде есттік режимде AlemGPT мультиагенттік платформасы іске қосылғанын айтты. Ол азаматтарға мемлекеттік қызметтерді бірыңғай интерфейс арқылы «толық цикл» режимінде алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер үшін қауіпсіз цифрлық жұмыс орны жүйесі әзірленуде, бұл әлемнің кез келген нүктесінен тиімді қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Еске салсақ, Қазақстан IT-нарығының табысы 2 трлн теңгеге жеткені белгілі болды. Қазіргі уақытта ресми статистикаға сәйкес, елде IT мамандарының орташа жалақысы елдегі орташа деңгейден екі есе жоғары. Сонымен қатар биыл Қазақстан нарығына екі шетелдік спутник операторы кіреді. ҚТЖ пойыздары мен «Эйр Астана» ұшақтарында спутниктік интернет қолжетімді болады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) жаңа форматқа көшеді. Енді олар «Цифрлық халық кеңселері» деп аталып, әлемдік технологиялық алпауыт Apple-дің сервис көрсету үлгісіне бағдарланады.