Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа аясында Конституцияға жоспарланған өзгерістердің бастапқыдан әлдеқайда ауқымды болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды QazMonitor.
Президенттің айтуынша, әуелде Ата заңның шамамен 40 бабын өзгерту көзделген.
«Алайда жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды. 2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарғанын білесіздер. Ал, ендігі өзгерістер одан да ауқымды», – деді Тоқаев.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдағанын айтты.
«Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз. Сондықтан мен Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдадым. Арнайы Жарлыққа ертең қол қоямын», – деді Президент.
Комиссия құрамына 100-ден астам азамат енеді. Оның қатарында Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары, қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандар болады. Бұл жұмысқа Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді.
Президенттің айтуынша, комиссия барлық ұсынысты сараптап, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Содан соң жалпыхалықтық референдум өтетін уақыт белгіленбек.