Ақтөбе қаласында мүгедектігі бар жандарға арналған заманауи «Қуат» инклюзивті спорт кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды QazMonitor өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
Кешеннің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Асхат Шахаров жобаның әлеуметтік маңыздылығына тоқталып, кешен мемлекеттің инклюзивті ортаны дамытуға және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған саясатының нақты көрінісі екенін атап өтті.
«Бұл кешен – жай ғана спорт ғимараты емес, бұл – үміттің, сенімнің, рухтың және мүмкіндіктің ордасы. Мұнда әр спортшы өз күшіне сенуді, өз шекарасын еңсеруді, жеңіске ұмтылуды үйренеді. Біз бұл жерде тағдыры спортпен тығыз байланысты, өз ерік-жігерімен, еңбегімен, табандылығымен елге үлгі болып жүрген спортшыларды көріп отырмыз», деді өңір басшысы.
Кешеннің жалпы аумағы 4 855 шаршы метрді құрайды. Ашық спорт алаңдарын қоса алғанда, нысан тәулігіне 500 адамға дейін қабылдай алады. Ғимаратта халықаралық стандарттарға сай толық қолжетімді орта қалыптастырылған. Инфрақұрылым құрамына жүзу бассейні, әмбебап спорт залы, күрес залы, жаттығу бөлмелері, үстел теннисі залы және ашық спорт алаңдары кіреді. Көрермендер үшін 200 орын қарастырылған.
Кешен базасында 20-дан астам спорт түрі дамытылады. Паралимпиадалық бағыттар қатарында жеңіл атлетика, жүзу, отырып ойнайтын волейбол, пауэрлифтинг, үстел теннисі, парадзюдо, оқ ату, арбадағы теннис, голбол, бочча және паратаэквондо бар. Сурдлимпиадалық спорт түрлеріне футзал, күрес, дзюдо, бадминтон, шахмат, үстел теннисі, жүзу, таэквондо және өзге де бағыттар енгізілген. Сонымен қатар тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, армрестлинг сияқты паралимпиадалық емес спорт түрлері де қарастырылған.
Жобаның жалпы құны 3,2 млрд теңгені құрады. Нысанды салуға «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры демеушілік көрсетті. Бүгінде онда 106 жаңа жұмыс орны ашылды.