Алматы қаласында Телекоммуникация және машина жасау колледжінің жаңа оқу корпустары мен жатақханасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды QazMonitor. Білім беру мекемесі телекоммуникация және машина жасау салалары үшін білікті мамандар даярлаумен айналысады. Оқу үдерісі қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.
Колледжде дуалды оқыту жүйесі мен модульдік-құзыреттілік тәсіл қолданылады. Бұл теориялық білім мен практикалық дағдыларды ұштастыра отырып, еңбек нарығының талаптарына сай маман даярлауға мүмкіндік береді.
Білім ордасының жобалық қуаты — 1 050 студент. Оның ішінде 340 студент колледж қабырғасында екі ауысымда білім алса, қалған студенттер кәсіби дағдыларын салалық кәсіпорындар базасында өндірістік тәжірибе арқылы меңгереді.
Бес блоктан тұратын жаңа кешен 1940 жылдары салынған ескі ғимараттардың орнына бой көтерген. Колледж инфрақұрылымында жалпы білім беретін пәндерге арналған 17 оқу кабинеті, 17 мамандандырылған кабинет, 6 оқу шеберханасы және 2 зертхана бар. Сонымен қатар спорт залы, мәжіліс залы және 200 орындық асхана қарастырылған.
Колледж аумағында 118 орындық жатақхана орналасқан. Ғимаратта әкімшілік кабинеттер, медициналық пункт, кітапхана және оқу залы жұмыс істейді. Аумақ толықтай көріктендіріліп, көгалдандырылған, спорт алаңдарымен жабдықталған. Сондай-ақ нысан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға толық қолжетімді.