Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев дене шынықтыру және спорт басқармасында орын алған оқиғаға байланысты пікір білдіріп, аталған мәселеге қатысты асығыс баға беріп, жедел қорытынды жасамауға шақырды, деп хабарлайды QazMonitor.
Оның айтуынша, тексеру мен тергеу аяқталғаннан кейін тиісті құқықтық баға беріледі.
«Тәртіп бұзушылық бар, және ол үшін жауапкершілік те болуы тиіс. Сонымен қатар заң талаптарына қатаң сәйкес, үздіксіз атқарылуы қажет жұмыс бар. Бұл жөнінде біз бұған дейін де ашық мәлімдегенбіз және тағы да қайталап өтемін: аталған жағдай бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тексеру жүргізеді, сондай-ақ басқарманың қызметіне кешенді аудит жасалады. Қазіргі уақытта оқиға фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр, әрбір әрекетке құқықтық баға беріледі», деді өңір басшысы.
Сонымен қатар ол барлық мемлекеттік қызметшілердің заң талаптары мен қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтауы қажеттігіне ерекше назар аударды.
«Қоғамдағы кез келген келіспеушілік пен жұмыс барысындағы даулы мәселелер тек құқықтық алаңда шешілуі тиіс. Әрбір басшы ұжымдағы тәртіпке, заңның сақталуына және мемлекеттік органның беделіне жеке жауап береді. Мұны баршаңыз естен шығармауларыңыз қажет», Бөлекпаев.
Еске салсақ, Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Серік Сәпиев пен орынбасары арасында жанжал туындаған. Сәпиевтің аталған жағдайға байланысты полицияға арызданғаны белгілі болды.
Кейін Олимпиада чемпионы ықпалды адамдар тарапынан облыс спортындағы кадр саясатына қысым жасалғанын мәлімдеді.
«Болған оқиғаға қатысты нақты айта кеткім келеді: бұл жеке немесе тұрмыстық жанжал емес. Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді», деді Серік Сәпиев.