Атырау қаласында Atyrau Hub базасында жұмыс істейтін A-Pro Academy бағдарламалау мектебінің түлектері ата-аналар мен тәрбиешілерге арналған цифрлық платформаны жасап шықты, деп хабарлайды QazMonitor.
Жаңа платформа функционалы жағынан Kundelik.kz жүйесіне ұқсас болғанымен, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының ерекшеліктеріне бейімделген. Аталған жүйе арқылы тәрбиешілер оқу жоспарын бір айға немесе бір жылға алдын ала құрып, ал ата-аналар баласының даму барысын онлайн режимде бақылау мүмкіндігіне ие болады.
A-Pro Academy негізін қалаушы Нұрлыбек Аталықовтың айтуынша, жоба A-Pro Group экожүйесі аясында жүзеге асырылған. Платформаны A-Pro Studio бағыты бойынша білім алып жүрген мектеп оқушылары әзірлеген. Өнертапқыш команда Атырау қаласында өткен Hackathon байқауында бірінші орынды иеленіп, Астана қаласында өткен республикалық кезеңге қатысқан. Қазіргі уақытта жоба одан әрі жетілдіру сатысында.
Алдағы уақытта платформаға балаларды тіркеу кезінде дауыстан тану технологиясын енгізу жоспарланып отыр. Бұл жүйе сабақ барысында балалардың белсенділігін автоматты түрде анықтап, бағалау үдерісінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.