Қарашығанақ мұнай-газ жобасының акционерлері Қазақстан үкіметімен арадағы халықаралық арбитраждық дауда жеңіліске ұшырады. Бұл туралы Bloomberg анонимді дереккөздерге сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым авторының атап өтуінше, арбитраждық талқылау көпшілікке жария етілмейді. Өтемақы мөлшері $2 миллиардтан $4 миллиардқа дейін жетуі мүмкін. Солай болса да, сот Eni SpA және Shell Plc компаниялары бастаған кен орны бойынша серіктестер төлеуі тиіс нақты соманы әлі белгілеген жоқ. Сондай-ақ, «Қарашығанақ» кәсіпорны сот шешіміне шағым түсіре алатыны белгілі болды.
Сот Қазақстан үкіметінің Қарашығанақ жобасы бойынша серіктестер өнімді бөлу туралы келісім аясында өтелуге жатпайтын шығындардың бір бөлігін негізсіз өтеп алды деген ұстанымын растады.