Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылға дейін балалардың жоғары технологиялық көмегін, мектеп медицинасын және перинаталдық орталықтар желісін нығайту жоспарын жариялады, деп хабарлайды QazMonitor.
Министрліктің дерегінше, жекелеген бейіндер бойынша шетелге емделуге жолдамалар 3-5 есеге қысқарған. Қазір жыл сайын 2 мыңнан астам бала кардиохирургиялық ем алады, 400-ге жуық есту импланттары салынады, 700-ге жуық шала туған балалар ретинопатияны түзету шараларынан өтеді. Сондай-ақ күрделі нейрохирургиялық патологиясы бар 36 бала «Гамма-пышақ» аппараты арқылы емделген.
2026 жылы елде протондық және йод терапиясын енгізу, сондай-ақ тамырлық мальформацияларды емдеу жоспарлануда. Сонымен бірге гибридтік нейрохирургиялық операция бөлмесін енгізу арқылы шетелге бару қажеттілігін қосымша 50%-ға қысқартуға мүмкіндік қарастырылған. Балаларға паллиативтік көмек көрсету стандартын бекіту және 24 клиникалық стандартты жаңарту арқылы медициналық көмектің мемлекеттік кепілдіктері кеңейтіледі.
Бірінші деңгейдегі медициналық көмек пен перинаталдық инфрақұрылым
Елімізде 2025 жылдың шілдесінен бастап МСАК ұйымдарының 80%-да педиатриялық бөлімшелер ашылды. Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап елде патологияны ерте анықтау және емдеу мақсатында 336 ерте даму және араласу орталығы жұмыс істейді. Қазіргі таңда балаларға әмбебап-прогрессивті модель бойынша 4 мыңға жуық патронаждық мейіргер қызмет көрсетуде.
Патронаждық есепті цифрландыру (GPS навигациясы мен фотофиксация) үйдегі балалардың өлімін 22%-ға, ал кеш емдеуге жатқызуды 5%-ға төмендетуге мүмкіндік берген. Сонымен қатар 302 тапшы бейінді төсек қалпына келтіріліп, 15 балалар ауруханасын жаңарту жалғасуда. Перинаталдық орталықтар желісін дамыту аясында Астанада жаңа орталық құрылысын жүргізу, Шымкент пен Түркістан облыстарында жобалау жұмыстарын аяқтау, ал тағы алты жобаны әзірлеу және бейімдеу жұмыстары жоспарланып отыр.
Мектеп медицинасын жаңарту: дефибриллятор мен стоматологиялық кабинет
Салалық ведомство мектеп медицинасын жаңартуды бастап, медициналық пункттерді шұғыл жабдықтармен, соның ішінде дефибрилляторлармен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Қазіргі таңда мектептердегі медициналық пункттердің жабдықталуы 93%-ға жеткен. Бұл жүректің кенеттен тоқтауы жағдайында шұғыл көмек көрсету үшін аса қажет құрал болып табылады.
Сонымен қатар мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашу да жоспарланған. Кейбір өңірлерде, соның ішінде Астана, ШҚО және Ұлытау облыстарында бұл жұмыс әлі толық орындалмаған. Алдағы үш жылда қосымша 862 стоматологиялық кабинет ашу көзделуде. Министрлік әкімдерден осы бағытқа қаржыландыру қарастыруды сұрады.