Астана қаласында Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында ашылатын жаңа бөлімше балаларға шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды QazMonitor.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елордада жарақат алған балалардың медициналық көмекке жүгінуі 15,8 пайызға өсіп, 97 333 жағдайдан 112 775 жағдайға дейін жеткен. Осыған байланысты ата-аналар мен қала тұрғындары балаларға травматологиялық көмек көрсету мүмкіндіктерінің шектеулі екеніне жиі алаңдаушылық білдіріп келген.
Қазіргі таңда қолданыстағы травматологиялық пункттерге жүктеме айтарлықтай артқан. Күн сайын дәрігерлер 350-ден астам кішкентай пациентті қабылдауға мәжбүр. Бұл жағдай жаңа бөлімшенің ашылуын өзекті ете түсті.
Жаңа балалар травматологиясы бөлімшесі ақпан айының соңына дейін пациенттерді қабылдай бастайды. Ол 520 мың тұрғынға есептелген.
Мамандандырылған медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін кадрлық және ұйымдастырушылық мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде. Қазіргі уақытта 11 анестезиолог-реаниматолог, балалар травматологтары және басқа да бейінді мамандар жұмысқа қабылданған.
Сондай-ақ аурухананың балалар корпусында кірме жолдарды, палаталар мен реанимациялық бөлімшелерді заманауи стандарттарға сай техникалық жарақтандыру көзделген.