Құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және сарапшылардан түскен барлық ұсыныстар ескеріліп, өңделіп, қалыптастырылған, деп хабарлайды QazMonitor.
Бақыт Нұрмұханов атап өткендей, ұсынылып отырған жаңартылған Конституция жобасында Преамбула, 11 бөлім және 104 бап қамтылған. Екі жаңа бөлім енгізілген – «Халықтық кеңес» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу». Тағы 4 бөлімнің атауы өзгертілген.
Жалпы өзгерістер мен толықтырулар Негізгі заңның барлық бөлімдерін қамтыған, 77 бапқа түзетулер енгізілген, бұл Конституция мәтінінің 84%-ын құрайды. Жинақталған жоба бойынша жұмыс бір мезгілде білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтарымен жүргізіліп жатыр. Бақыт Нұрмұханов нормаларды дұрыс баяндау, мағыналық сәйкес келмеушіліктерді, әртүрлі оқылымдарды және анық емес тұстарды жою бойынша мамандар үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті.
Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жинақталған жобада белгіленген жаңалықтар Қазақстанның конституциялық материясының базисіне қатысты: олар Негізгі заңның келбетін түбегейлі өзгертеді және әрі қарай институционалдық және құрылымдық өзгерістер үшін зор әлеуетке ие.
«Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру және қорғау кепілдіктері күшейтіледі. Президенттік басқару формасы сақталатын болса да, біртұтас мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы айтарлықтай өзгереді», – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.
Конституциядағы негізгі өзгерістер:
бір палаталы Парламенттің жаңа моделі енгізіледі,
азаматтардың мемлекеттік істерді басқаруға қатысу формалары кеңейтіледі,
Конституция негізінде заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған құқық қорғау механизмдері мен Конституциялық соттың қызметінің тиімділігі артады.
Конституциялық жаңашылдықтар мемлекет миссиясын, оның функцияларының мазмұнын жаңа тұрғыдан түсіндіруге, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың өзара қатынасы принциптерін анықтауға, азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік маңызы бар міндеттерді шешуге кеңірек тартуға мүмкіндік береді.