Былтыр Қазақстанда 3,6 млн адам ТМККК және МӘМС аясында тегін дәрі-дәрмекпен қамтылды. Бұл 262,9 млрд теңгеге 15,6 млн рецепт берілгенін көрсетеді, деп хабарлайды QazMonitor.
Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттар тізбесін жаңартып, клиникалық тиімділігі дәлелденбеген препараттарды алып тастады. Олардың орнына заманауи әрі инновациялық дәрілер енгізілді. Сонымен қатар, дәріханалардағы баға саясаты қайта реттеліп, 7,9 мың атау бойынша шекті бағалар төмендетілді. Орташа есеппен бағалар 11%-ға арзандаса, өмірлік маңызды дәрілер бойынша төмендеу 20%-дан асты.
Дәрі-дәрмектерді тіркеу рәсімі де жеделдетілгенін хабарлады ведомство. «Бір терезе» қағидаты енгізіліп, АҚШ, Еуроодақ, Жапония және Ұлыбританияда тіркелген препараттар үшін тіркеу мерзімі 15 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
Сонымен қатар саланың цифрландырылуы аясында дәрілерді таңбалау және «әлеуметтік әмиян» арқылы беру тетігі іске қосылды. Бұл пациенттерге қағаз анықтамаларсыз, QR-код арқылы дәрі алуға мүмкіндік беріп, жүйенің ашықтығын арттырды.
Сирек кездесетін аурулары бар науқастарға бөлек назар аударылып отыр. Олар үшін цифрлық есеп жүргізу, атаулы қолдау және дәлелді медицинаға негізделген қымбат терапиямен қамтамасыз ету қарастырылған.
Мемлекеттік сатып алудағы оңтайландыру нәтижесінде 75 млрд теңге үнемделіп, дәрі-дәрмектің тұрақты қоры қалыптастырылды. Министрлік бағаны төмендету, тізбелерді жаңарту және пациенттердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты 2026 жылға дейін жалғастыруды жоспарлап отыр.